Украинада Назарбаевқа қойылған мүсін алынбайтын болды

Қалижан Бектемір
ашық дереккөз

Украинаның Днепропетровск облысындағы Каменское қаласында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа орнатылған барельефті алып тастау туралы ұсыныс қолдау таппады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Бұл мәселені қазақстандық белсенді Тұрарбек Құсайынов көтерген. Ол өз өтінішінде Назарбаевтың кеңестік кезеңдегі қызметін және кейінгі саяси ұстанымдарын алға тартып, барельефті алып тастауды сұраған. Сонымен қатар, Қазақстанның Ресейге тәуелділігі мен Назарбаевтың Владимир Путинмен байланысын да атап өткен.

Осыған байланысты Каменское қаласының әкімдігі Украина ұлттық естелік институтына ресми сауал жолдаған. Институт басшысы Александр Алферовтың қорытындысына сәйкес, Назарбаевтың Ресейдің империялық саясатын қолдағанын дәлелдейтін нақты деректер жоқ, ол Украина заңдарын бұзған тұлға ретінде танылмайды және барельефте тыйым салынған символика қолданылмаған.

НАЗАРБАЕВ – ОҚУ ОРНЫНЫҢ ТҮЛЕГІ

Сондай-ақ аталған мүсін Назарбаевқа тек саясаткер ретінде емес, осы оқу орнының түлегі ретінде қойылғаны ескерілген.

Нәтижесінде Украина тарапы барельефті орнында қалдыру туралы шешім қабылдап, оны екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың белгісі ретінде бағалады.