Ulysmedia.kz Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) бүгін хабарлаған іске қатысты мән-жайды анықтады. Әңгіме Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті туралы болып отыр. Ректор Дария Қожамжарова қызметтен кеткеннен кейін оқу орнында жүздеген миллион теңгеге жуық қаржы жымқыру деректері анықталған. Қазір оның бұрынғы қарамағындағы қызметкерлер тергеуге ілінді.
Ректордан кейін қалған «мұра»
Дария Пернешқызы университетті 2018 жылы басқаруға келген. Ол жалғыз келмей, Тараздан Шымкентке өз командасын бірге ала келді. Солардың қатарында Қайрат Нұрманбетов те болды (бұған дейін ол Дулати атындағы Тараз университетінің заң факультетінің деканы қызметін атқарған).
2025 жылдың қаңтарында Қожамжарова зейнетке шықты. Алайда университетті бақылаусыз қалдырмады. Ректор міндетін атқарушы болып оның сенімді адамы — Нұрманбетов тағайындалды.
Кімді іздеді, кімді тапты
Университеттегі былықтар Қайрат Қожамжаровтың отбасы төңірегінде тергеу басталғаннан кейін белгілі болған. Біздің деректерімізге сүйенсек, тергеу органдары Дария Қожамжароваға қатысты айғақ табуға тырысқан. Алайда ол бағытта ештеңе шықпаған.
Ал Нұрманбетовтің өзі тергеуге ілігіп, ақыры ұсталды. Осыдан кейін оқу орнында «тазалау» жүргізіліп, Дария Пернешқызы Тараздан ертіп келген команда түгел жұмыстан босатылды.
Ресми деректерге сәйкес, Қожамжарованың өзіне қатысты айып тағылған жоқ.
ҚМА нені анықтады?
Еске салайық, бүгін Қаржылық мониторинг агенттігі Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ауқымды бюджет қаражатын жымқыру фактілері әшкереленгенін хабарлады.
Сөз — 300 миллион теңгеден астам қаржы туралы.
Тергеуге:
бұрынғы бірінші проректор,
қаржы және әкімшілік департаменттердің басшылары,
қойма меңгерушісі,
мердігер ұйымдардың өкілдері тартылған.
Агенттік күдіктілердің аты-жөнін жариялаған жоқ.
ҚМА мәліметінше:
— Мемлекеттік сатып алу бойынша жалған келісімшарттар жасалған. Тауарлар мүлде жеткізілмеген немесе нарықтағы бағадан бірнеше есе қымбатқа алынған. Қаражат аффилирленген компаниялардың есепшоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.
Кейбір эпизодтар тіпті таңғалдырды. Мәселен, университет бір ғана креслоға 20 миллион теңге жұмсаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, оқу орны мемлекетке 321 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Қаражаттың бір бөлігі күдіктілер тарапынан өз еркімен қайтарылған. Соған қарамастан олардың мүлкі — үйлері, көліктері және банктегі есепшоттары бұғатталды.
Нұрманбетов фигурасы
Бұл Қайрат Нұрманбетовке қатысты алғашқы қылмыстық іс емес. Оған 28,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып та тағылған.
Жалпы алғанда, оның ісінде бірнеше эпизод бар. Өткен жылдың тамыз айында Шымкент соты ОҚУ-дың бұрынғы бірінші проректорына қатысты үкім шығарған болатын. Алайда ол басқа іс бойынша қаралған.
Сол кезде университетті жөндеу кезінде бюджет қаражатын жымқырып, қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір бұл үкім апелляциялық сатыда қаралып жатыр.
Контекст бір университетпен шектелмейді
Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің тарихы да ерекше. Бұған дейін оқу орнын адам өлтіргені үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев басқарған.
Қазір университетті Дархан Ахмед-Заки басқарады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты да сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оған қызметтік өкілетін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру баптары бойынша айып тағылған.
Қожамжаров ел аумағынан тыс жерде жүр. Жақында оның Мәскеуде жүргені туралы ақпарат тараған.
Автор: Сергей Зайцев