Қазақстанда әскери билет алу тәртібі өзгерді

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

2026 жылғы 13 қаңтардағы бұйрықпен Қорғаныс министрі әскери есепке алу ережелерін толықтырды. Енді әскери есепке алу мамандығы бар әйел азаматтар автоматты түрде тіркеледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ТОЛЫҒЫРАҚ

Техникалық, кәсіби немесе жоғары оқу орнын аяқтаған әйелдерге ақпараттық жүйе автоматты түрде электронды есеп карточкасын жасайды. Ол мемлекеттік органдардың деректерінен жеке сәйкестендіру нөмірі, аты-жөні, туған күні мен жері, жұмыс немесе оқу орны, отбасы құрамы, жүргізуші куәлігі, денсаулық жағдайы, тұрғылықты жері және құқықтық мәртебесі туралы мәліметтерді алады. Осы деректер негізінде азаматтың әскери міндеттілігі анықталып, тұрғылықты жері бойынша аудандық әскери басқармаға тіркеледі.

ӘСКЕРИ ЕСЕПКЕ ҚОЮ ТӘРТІБІ

Азаматтарды әскери есепке қою автоматты түрде жүргізіледі:

  • жаңа мекенжайға тіркелгенде;
  • әскери қызметтен немесе құқық қорғау органдарынан босатылғанда;
  • арнайы оқу орындарынан шығарылғанда;
  • бас бостандығынан айырылғандар босатылғанда.

Тұрақты тіркеуден шыққан азаматтар соңғы мекенжайы бойынша есепте қалады.

ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚТАН ӨТКЕНДЕРДІҢ ЕСЕБІ

Әскери-техникалық және басқа мамандықтар бойынша ақылы негізде дайындықтан өткендер арнайы тізіммен аудандық әскери басқармаларға жіберіледі. Олар:

  • әскери мамандығы мен шенін анықтайды;
  • электронды карточкаға енгізеді;
  • әскери билет береді.

Әскери кафедра немесе факультетте офицерлер мен сержанттар қорын дайындағандар емтихан алдында және соңында тиісті құжаттарды әскери басқармаларға жолдайды. Нәтижесінде азаматтарға әскери шен беріліп, әскери билеттер рәсімделеді.

БЕЙБІТ КЕЗДЕ ӘСКЕРИ БИЛЕТТЕРДІҢ БЕРІЛУІ

Әскери билеттер азаматтарға мына жағдайларда беріледі:

  • Әскери қызметке шақырылғанда немесе әскери жиындарға қатысқанда аудандық (қалалық) қорғаныс істері басқармасы арқылы;
  • Әскери және арнайы оқу орындарына қабылданғанда;
  • Арнайы ұйымдарда ақылы негізде әскери-техникалық және басқа мамандықтар бойынша дайындықтан өткендерге;
  • Запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламасы бойынша толық әскери дайындықтан өткендерге.

Аудандық (қалалық) қорғаныс істері басқармасы бейбіт уақытта әскери билеттерді мына азаматтарға береді:

  • Әскери қызметтен немесе құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар мен азаматтық қорғау органдарынан белгіленген мерзімді өтеп, босатылғандарға;
  • Бас бостандығынан айырылған жерден босап шыққан, бірақ әскери немесе құқық қорғау қызметін өтегендерге;
  • Басқа мемлекеттен келіп, Қазақстан азаматтығын алған, бұрын әскери немесе баламалы қызмет атқарғандарға;
  • Әскери атағы қалпына келтірілгендерге.