Вице-президент бола алатын адам көп емес, бірақ бар - депутат

Сырым Қаржас
Видео кадры

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстанда жаңа лауазым - вице-президенттің пайда болуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Ұлыс тілшісі депутаттан вице-президент қызметіне кім лайық екенін сұрады. 

- Мен мұны айтуға құқығым жоқ және этиканың бұзылуы болып саналады. Өзім байқап, ойлап тұрғаным бар. Вице-президент неге сенат, бұрынғы парламент төрағасына билікті бермейді? Президент қандай да бір жағдайда биліктен кетсе, оның жұмысын кім атқарады? Бізде осы уақытқа дейін парламент басшысы болды. Бірақ парламент ол басқа билік. Ал президент бір өзі шешім шығаратын, бүкіл жауапкершілікті өзіне алатын адам. Бүгін президент не деп айтты? “Мен бүкіл жауапкершілікті өзім аламын, мен жауап беремін” деді. Менің ойымша президент сондай адамды таңдауы керек (вице-президенттікке). Президентке тән қасиеттері бар, өзіне батыл жауапкершілік ала білетін, стратегиялық көзқарасы, азаматтық құндылығы, адами қасиеті бар адам бола алады. Бізде ондай кандидаттар көп емес, бірақ бар, – дейді Әбенов. 

ЖАҢА ЛАУАЗЫМ

Еске салайық, бүгін Ұлттық құрылтай отырысында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа лауазым пайда болатынын мәлімдеді. 

Атап айтқанда, бұған дейін Ерлан Қарин атқарған мемлекеттік кеңесші лауазымы таратылды.

Президенттің айтуынша, енді вице-президент қызметі енгізіледі. Жаңа лауазым иесін мемлекет басшысы Парламенттің келісімімен тағайындайды.