Украинаның бұрынғы президентіне тағы бір үкім шықты

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Украинаның Жоғары антикоррупциялық соты елдің бұрынғы президенті Виктор Януковичке қатысты жаңа сырттай үкім шығарды. Бұл жолы ол Киев облысындағы жерді заңсыз иемдену ісі бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратураның мәліметінше, әңгіме 2007 жылғы оқиғалар туралы болып отыр. Ол кезде Янукович премьер-министр қызметін атқарған. Тергеу дерегіне сәйкес, ол Сухолуцк ауылдық кеңесі аумағындағы орман-аңшылық шаруашылығы қорынан 17,5 гектар жер телімін заңсыз иемденген. Учаскенің бағалау құны 22 миллион гривеннен асады (шамамен 260 миллион теңге).

Кейінірек, 2009–2011 жылдары аталған аумақта қонақүй-мейрамхана кешені салынған. Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, бұл нысан экс-президенттің жеке мақсаттары үшін пайдаланылған. Істе Януковичтің сыбайласы да болған. Сот оны кінәлі деп танығанымен, қылмыстық жауапкершіліктен ескіру мерзімінің өтуіне байланысты босатты.

КОНТЕКСТ

Бұл — Януковичке Украинада шығарылған алғашқы сырттай үкім емес. Бұған дейін соттар оны мемлекетке опасыздық жасауға, сондай-ақ 2014 жылғы оқиғалардан кейін шекараны заңсыз кесіп өтуді ұйымдастыруға және дезертирлікке арандатуға кінәлі деп таныған.