Нұрай Серікбайдың арызын қарамай қойған полицейлерге қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров хабарлады.
- Ішкі істер министрінің орынбасары Нұрайды некеге тұруға мәжбүрлеу фактісі бойынша жазған арызын тиісті деңгейде қарамай, қылмыстық іс тіркемей, салғырттық танытқан бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты "қызметіне салғырттық танытты" деген баппен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, дейді адвокат.
ПРЕЗИДЕНТ РЕАКЦИЯСЫ
Еске салайық, бүгін Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың ісіне қатысты пікір білдірген болатын. Артынша Шымкент полициясының басшылығы қызметінен кетті.
КОНТЕКСТ
Сөз болып отырған қанды оқиға 11 қаңтар күні Шымкентте болған еді. Күдікті Нұрайды аңдып, артынан қуып жетіп, бірнеше рет пышақтап өлтірген болатын. Полиция дерегінше екеуі бұрын таныс болған. Нұрай алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында жан тапсырды.