Мас күйінде көлік айдап ұсталған судья Әсел Досаева қызметінен босатылды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаева қызметінен босатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жоғары сот кеңесі Ulysmedia.kz жолдаған ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.

ПІКІР

Жоғары сот кеңесінің хабарлауынша, шешім 2026 жылғы 22 қаңтарда қабылданған.

— Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриінің 2026 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Досаева А.К. судьялық әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оған судья лауазымынан босату түріндегі жаза қолданылды, — делінген кеңестің жауабында.

НЕ ҮШІН ҚЫЗМЕТІНЕН БОСАТЫЛДЫ?

2025 жылдың қараша айында Әсел Досаева Астанада мас күйінде көлік тізгіндегені үшін ұсталған. Медициналық сараптама оның ағзасында алкоголь барын растаған. Сонымен қатар тексеру барысында судьяның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені анықталған.

Көлік айып тұрағына қойылғанымен, сол сәтте судьяны жауапкершілікке тарту мүмкін болмаған. Себебі оған судьялық иммунитет қолданылған.

Әкімшілік істі бастау үшін Бас прокуратура мемлекет басшысына жүгінуге мәжбүр болды. Иммунитет алынғаннан кейін ғана іс сотқа жолданды.

Нәтижесінде Әсел Досаева:

  • алкогольдік мас күйінде көлік басқарғаны,

  • жарамды жүргізуші куәлігі болмағаны үшін кінәлі деп танылып, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл — 786 400 теңге.

Әкімшілік қамау жазасы қолданылған жоқ. Себебі заңға сәйкес 14 жасқа толмаған баласы бар әйелдерге қамау түріндегі жаза тағайындалмайды.