"Қорықпаңыздар" - депутат Сарым да сөз бостандығы туралы ұсынысты түсіндірді

Сырым Қаржас
Фото: Үкімет

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сөз бостандығы мен бейбіт митингілерге қатысты конституциялық түзетулер қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста өз ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

- Кім айтты оны сізге? Сөз бостандығын шектеу туралы ұсыныс түскен жоқ. Бұл журналистердің интерпретациясы, – дейді депутат. 

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін шектеуге бағытталмаған. Депутаттың сөзінше, сөз бостандығы мен цензураға тыйым салу жөніндегі негізгі нормалар Конституцияда сол күйі сақталады.

— Сөз бостандығына да, БАҚ қызметінің еркіндігіне де ешқандай шектеу жоқ. Ол үшін Конституцияға арнайы өзгеріс енгізудің өзі міндетті емес. Онда сөз бостандығы, цензураға тыйым салу туралы барлық нормалар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады, — деді Айдос Сарым.

Ол түзетулер тек халықаралық құқықта бар кейбір ережелерді нақтылау мақсатында енгізіліп отырғанын атап өтті.

— Халықаралық ірі құжаттарда белгілі бір жағдайларда адам құқықтары, соның ішінде сөз бостандығы шектелуі мүмкін екені көрсетілген. Біз соны ғана нақтылап отырмыз. Мұнда баспасөзге шабуыл көріп тұрған жоқпын, — деді депутат.

Айдос Сарым митинг өткізу мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бейбіт жиналыстарға шектеу тек ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда ғана қолданылуы мүмкін.

— Митингілер ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтірсе ғана шектелуі мүмкін. Бұл — қалыпты тәжірибе, — деді ол.

Депутат қолданыстағы митингілер туралы заңның ескіргенін де атап өтті.

— Біздің митинг туралы заң 1995 жылы қабылданған. Содан бері әлемде мүлде жаңа шындықтар пайда болды. Қазір Еуропада да, өзге елдерде де бұл бағытта талаптар күшейіп келеді. Әлемдік құқықтық кеңістік өзгеріп жатыр. Біз Конституциядан бастап салалық заңдарға дейін соған сәйкестендіріп жатырмыз, — деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Айдос Сарым кейбір журналистердің бұл өзгерістерді БАҚ-қа қысым ретінде қабылдауына сын айтты.

— Кейбір журналистер өздерін тым жоғары қояды. Біз Конституцияны өзгертуді тек оларды шектеу үшін жасап жатырмыз деп ойлайды. Бұл — қате түсінік, — деді депутат.

Ол қолданыстағы заңдардың өзі қаласа, қатаң шара қолдануға мүмкіндік беретінін, алайда мұндай мақсаттың жоқ екенін жеткізді.

— Қазіргі заңнаманың өзі Қазақстандағы бүкіл баспасөзді жауапкершілікке тартуға жеткілікті. Бірақ ондай міндет ешкімнің алдында тұрған жоқ, — деді ол.

Депутат қоғамдағы алаңдаушылықтың негізгі себебіне де тоқталды.

— Бірақ мен қазір митинг өткізгісі келіп жатқан адамдарды көріп тұрған жоқпын. Ол үшін өтініш беру керек. Ал өтініш бергендер бар ма?, — деп сауал тастады ол.

Айдос Сарымның айтуынша, митинг өткізуге тыйым салынбайды, тек белгіленген тәртіп сақталуы тиіс.

— Ешқандай шектеу болмайды. Тек тәртіп бар. Сол тәртіпті сақтағандар митинг өткізеді. Ал сақтамағандар айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмысқа тартылады. Оның формалары заңда бар, қорықпаңыздар, — деді депутат.

Сөз соңында ол Конституцияның басты мақсаты азаматтарды шектеу емес екенін атап өтті.

— Конституция біреуге жазуға тыйым салу немесе біреуді митингке шығармау үшін жазылмайды. Ол мемлекетті қорғау, саяси жүйеге төнуі мүмкін тәуекелдердің алдын алу үшін қажет, — деп түйіндеді Айдос Сарым.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Конституцияға «ар-намыс пен абыройды қорғау» туралы норманы енгізуге қатысты ұсынысына түсініктеме берген еді.