Ресей Байқоңыр бойынша шешімін жариялады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Байқоңыр ғарыш айлағында «Союз-5» зымыран-тасығышының алғашқы ұшырылымы өтеді. Маңызды күнді «Роскосмос» өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Еске салайық, «Бәйтерек» кешенінен «Союз-5» зымыранын алғаш ұшыру былтыр жылдың соңына жоспарланған еді. Алайда 26 желтоқсанда «Роскосмос» іске қосу мерзімін түзету туралы шешім қабылданғанын хабарлаған. Ол кезде бұл шешім «қазақстандық тараптың бастамасымен» қабылданғаны айтылып, қосымша тексерулер жүргізу қажеттілігімен түсіндірілген болатын.

Атап айтқанда, борттық жүйелер мен жерүсті жабдықтарының толық тексерілуі қажет болған.

Енді «Роскосмос» тарихи ұшырылым 2026 жылдың наурыз айының соңында өтетінін нақтылады.

— Алғашқы ұшуға арналған зымыран қараша айынан бері ғарыш айлағында тұр. Біз бірінші ұшуға дайындалып жатырмыз, — деп келтіреді «Первый канал» «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясы бас директорының зымыран жобалары жөніндегі орынбасары Дмитрий Барановтың сөзін.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Байқоңырда жерүсті ғарыш инфрақұрылымы толық дайын емес.

АЙТА КЕТЕЙІК

«Бәйтерек» жобасы — Ресей мен Қазақстанның бірлескен ауқымды бастамасы. Жоба аясында Байқоңыр ғарыш айлағынан орта класты «Союз-5» зымыран-тасығышын ұшыру көзделген.

Бұл жобаны іске асыру мәселесі алғаш рет 2004 жылы талқылана бастаған. Сол кезде тараптар Байқоңыр ғарыш айлағы базасында жаңа зымыран кешенін салу туралы келісімге қол қойған.

Бұған дейін «Бәйтерек» зымыран кешені биылғы жылдың соңына қарай толық іске қосылады деп хабарланған еді.