Алматы қаласының полициясы бұған дейін әкесі, кәсіпкер Қанат Амиркин мәлімдеген мектеп оқушысының суицидке оқталуы туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, қызы жекеменшік мектептегі біраздан бері созылған буллингтен кейін өзіне қол салуға әрекет жасап, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр.
Қылмыстық іс қозғалды
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы — «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
— Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша жауапты тұлғаларға құқықтық баға беріледі, — деп хабарлады полиция.
Бейжайлық
Қанат Амиркин Facebook парақшасында қызы бір жыл бойы мектепте қорлық көріп келгенін, алайда оқу орнының басшылығы ата-ананың шағымдарына назар аудармағанын жазды.
Оның айтуынша, оқушыны сыныптастары жүйелі түрде кемсітіп отырған, ал мұғалім тарапынан бұл әрекеттер тоқтатылмаған.
— Мен мәселені бірнеше рет көтердім, сөйлесуді, тексеруді, тоқтатуды сұрадым. Бірақ жауап ретінде немқұрайлылық, суық қарым-қатынас, формалды жауаптар ғана болды. Мәселені шешкеннен гөрі «түк көрмегендей отыра беру» оңайырақ болды. Қазір менің балам жансақтау бөлімінде жатыр, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Кәсіпкер аталған жағдайға қатысты толыққанды тергеу жүргізіліп, буллингке қатысы бар немесе оны жасырып келген барлық тұлғалардың жауапкершілікке тартылуына қол жеткізетінін мәлімдеді.