АҚШ, Украина және Ресей арасындағы келіссөздер 1 ақпанда өтпейді

Сырым Қаржас

Украинадағы соғысты аяқтау мәселесі бойынша Украина, Ресей және АҚШ арасындағы кезекті келіссөздер кейінге шегерілді. Кездесулер 4 және 5 ақпанда Абу-Дабиде өтеді. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бастапқыда келіссөздер 1 ақпанға жоспарланған болатын, алайда кейін даталарды өзгерту туралы шешім қабылданды. Зеленский Украинаның мазмұнды диалогқа дайын екенін айтып, келіссөздер соғысты шынайы әрі әділ аяқтауға жақындатуға көмектеседі деген үміт білдірді.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, өткен демалыс күндері Киев пен Мәскеу өкілдері АҚШ бастамасымен Абу-Дабиде алғаш рет тікелей келіссөздер өткізген еді. Ол кезде тараптар талқылауды жалғастыруға келіскен, бірақ кездесу уақыты мен өтетін орны өзгеруі мүмкін екенін жоққа шығармаған. 

Дереккөздердің мәліметінше, қатысушылар бірқатар тармақтар бойынша ортақ ұстанымға келген, алайда негізгі мәселелер бойынша келісім жоқ. Ресей украин әскерін Донбастан шығаруды талап етуде, ал Киев бұл талапты қабылдамай, Донбасс ішінара ресейлік күштердің бақылауында болғанына қарамастан, Украинаның ажырамас бөлігі екенін атап өтуде.