Украинадағы соғысқа қатысқан Қазақстан тумасы Ресей аумағында жер қойнына тапсырылды. Ол Ресей Қорғаныс министрлігімен өз еркімен келісімшартқа отырған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Радик Хасанов Қазақстанда дүниеге келіп, осында өскен. Әскер қатарында қызметін өтегеннен кейін Ресейдің Алтай өлкесіндегі Красногвардейский кентіне көшкен. Кейін анасының сырқатына байланысты қайтадан Қазақстанға оралған.
2024 жылғы 6 қазанда ол Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасап, гвардиялық бригаданың құрамында мотоатқыштар взводының мергені ретінде қызмет атқарған. 2024 жылғы 4 желтоқсанда ол Украинадағы соғыс барысында Лысовка елді мекені үшін болған ұрыстарда қаза тапқан. Аталған аумақ ресейлік дереккөздерде «ДХР» деп аталады.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, Радик Хасанов әскерден кейін Ресей азаматтығын алып, біраз уақыт сол жақта тұрған.
– Әскерден соң осында (Ресейде – ред.) азаматтық алды, біраз уақыт өмір сүрді. Кейін анасы ауырып қалған соң Қазақстанға қайтып келіп, сол жерде қалды, – дейді ол.
Ал жесірі Светлананың сөзінше, Донбастағы жағдай басталғаннан кейін Радик Хасанов жаңалықтарды үзбей қарап, алаңдаған.
– Ол «сол жаққа тұруға барамын» деді, бірақ шын мәнінде соғысқа кеткенін кейін білдік. Кейін телефон арқылы хабарласып тұрды: Луганскіден, Донецкіден, Авдеевкадан қоңырау шалды. Ешқандай нақты мәлімет айтпады, бірақ шабуылдаушы топтың құрамында болғанын білеміз, – дейді ол.
Марқұмның туыстары оны соңғы сапарға шығарып салу үшін Қазақстаннан Ресейге арнайы барған.