ҚазТАГ-пен соттасқан Freedom Finance-тің бұрынғы топ-менеджері жеңіліп қалды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

ҚазТАГ агенттігі Freedom Finance компаниясының бұрынғы топ-менеджері Темерлан Беков түсірген талап-арыз бойынша сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ​​​​​​​

Freedom Finance компаниясының бұрынғы топ-менеджері Темерлан Беков KazTAG-та жарияланған «Freedom Finance-тің тағы бір топ-менеджері қылмыстық істің фигуранты атанды» атты материалды шындыққа жанаспайды деп тануды талап еткен. Оның пікірінше, бұл жарияланым оның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді.

Беков соттан материалды өшіруді және моральдық зиянды өндіруді сұраған. Алайда сот талап-арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар, сот шешімімен Бековтен ҚазТАГ өкілінің қызметіне кеткен шығын ретінде 20 мың теңге өндірілетін болды.

KazTAG мүддесін қорғаған адвокат Рена Керимова бұл шешімге қатысты пікір білдірді.

- Өкілдік шығын ретінде өндірілген 20 мың теңгемен келіспейміз. Бұл бөлігін апелляциялық сатыда даулаймыз, – деді ол.

Аталған іс бойынша сотта KazTAG мүддесін адвокат Елена Жигаленок пен заңгер Ника Пасечникова де қорғады.

КОНТЕКСТ

Желтоқсан айының басында KazTAG агенттігі басшылығына қатысты қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Тергеуге агенттіктің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Амир Қасенов ілінген. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы – «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған.

Редакция мәліметінше, қылмыстық іс 18 шілдеде тіркелгенімен, ол туралы тек 20 қарашада Freedom Finance компаниясымен байланысты БАҚ-та жарияланған материалдардан кейін белгілі болған. Тергеуге компанияның өз қызметінде алаяқтық схемалар бар деген мәлімдемесі себеп болған.