Семейде азаматтық белсенді Нұржан Сембаев ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
«Белсенділер экстремист емес» тобының жазуынша, 3 ақпанда ұсталған. Оның үстінен 405-бап «тыйым салынған ұйым жұмысына араласу» бойынша іс қозғалған.
«Таныс жігіттің цехында жұмыс істеп жатқан екен. Арнайы жасақ жүгіріп келіп, арасында полицейлер бар дейді, қолын қайырып, ұстап алып кеткен. Не үшін ұстағанын түсіндермеген. Мемлекет тағайындаған адвокат хабарласып, «405-бап «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу»бойынша ұстады»деп айтты», – деді белсенді Елдос Досанов 5 ақпанда Азаттық радиосына.
Семейлік құқық қорғаушы Райгүл Садырбаева да Нұржан Сембаевтың ұсталғанын растаған. Бірақ ол «белсендінің нақты қай жерде қамауда отырғаны біле алмай отырмыз» деді.
Нұржан Сембаев – қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген белсенді. Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, бірнеше ай тергеу изоляторына қамалған. Кейіннен босатылған.