Айгүл Сайлыбаевның өліміне күдікті енесі мен күйеуінің жүрген жері анықталды: олар Қазақстанға экстрадициялана ма?

Рая Минап
Ulysmedia.kz коллажы

Германияда қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдікті деп танылған енесі мен күйеуі  Наталья және Александр Донцовтардың қазір Мәскеуде тұрып, жұмыс істеп жүргені белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЛЕКСАНДР ДОНЦОВ ЖАРТЫ ЖЫЛ РЕСЕЙДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР

Германиядан кеткеннен кейін Александр Донцов Ресейге қоныс аударып, «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетіне ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасқан. Бұл туралы Doxa басылымының журналистері хабарлады.

Ол 2025 жылдан бастап аталған жоғары оқу орнында әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінде қызмет атқарып келеді. Университеттің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Донцовтың заңгерлік әрі академиялық білімі бар: 2017 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған, 2019 жылы РФ Президенті жанындағы мекемеде «Шетелдік өңіртану» бағыты бойынша магистратураны тәмамдаған, ал 2024 жылы Лейпциг университетінде докторлық диссертациясын қорғаған.

Қазіргі уақытта оның міндеттеріне жеке ғылыми зерттеулер жүргізу, рецензияланатын ғылыми журналдарға мақалалар әзірлеп жариялау, гранттық жобаларға қатысу, талдамалы материалдар дайындау, Ресейде және шетелде өтетін ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама жасау, ғылыми семинарларға араласу, студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуге жәрдемдесу, сондай-ақ дәріс оқу мен семинар өткізу кіреді.

АЙГҮЛ САЙЛЫБАЕВНЫҢ КҮЙЕУІ ОНЫҢ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

112 редакциясы жариялаған эксклюзивті кадрларда Александр Донцовтың өзі көрінеді. Ол қылмысқа еш қатысы жоқ екенін айтып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды және өзіне жала жауып отыр деп мәлімдеді.

- Сіздер өте көп өтірік айттыңыздар. Өте көп жалған ақпарат тараттыңыздар. Адамдар, арандатуға ермеңіздер, сенбеңіздер. Мұндай бандиттік әдістерге бой алдырмаңыздар, – дейді Донцов камераға.

Алайда 112 дереккөзіне сүйенсек, 2 ақпанда Александр мен Наталья Донцова Мәскеу қаласының Тергеу комитетінде түсініктеме берген. Тергеу барысында Наталья Донцова РФ Конституциясының 51-бабына сүйеніп, тергеушімен сөйлесуден бас тартқан.

Тергеу нұсқасына сәйкес, негізгі күдікті ретінде марқұмның енесі Наталья Донцова қарастырылады. Ол Айгүл Сайлыбаева жоғалғаннан кейін көп ұзамай Германиядан кетіп, Интерпол арқылы халықаралық іздеуге жарияланған. Марқұмның анасы Айгүлдің күйеуі Александр Донцов әйелінің жоғалғаны жөнінде полицияға хабарламағанын айтады. Германия құқық қорғау органдары оның телефонының сигналы мәйіт табылғанға дейін тіркелгенін алға тартып, денені тасымалдауға оның қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Соған қарамастан, Донцов елден шығып кеткен. Қайғылы оқиғадан кейін екі ай өткен соң ол кәмелетке толмаған қызына азаматтық рәсімдеп, баланы Ресейге алып кеткен.

Қараша айында Қазақстанда судьяның өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейін ҚР Ішкі істер министрлігі Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесін іздеуге жариялаған.

КҮДІКТІЛЕР ҚАЗАҚСТАНҒА ЭКСТРАДИЦИЯЛАНА МА?

Адвокат Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, елімізде мұндай қылмыс үшін ҚР Қылмыстық кодексі 99‑бабы 2-бөлігі «Адамды аса қатыгездікпен өлтіру» бабымен 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

- Қылмыс Германияда болғандықтан, олар сол елдің заңымен сотталуы тиіс. Сот шешімі сол жақта шығады. Қазақстан олар шетел азаматтары болғандықтан, елге экстрадициялай алмайды. Бас Прокуратура тек Германия мен Ресейге қылмыстық қудалауды жүргізу туралы сұрау жібере алады, - дейді заңгер.

КОНТЕКСТ

2025 жылдың қарашасында Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 110-бабы — «Азаптау» бойынша тергеу басталғанын хабарлаған болатын. ІІМ орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, іске марқұмның туыстарының өтініштері негіз болған.

Сонымен қатар, Германияда «қасақана адам өлтіру» бабы бойынша тергеу жалғасып жатыр. Желтоқсан айының соңында Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев мәлімдеген.

Айгүл Сайлыбаева 40 жаста еді. Ол Ұлыбританияда білім алып, Астанада судья қызметін атқарған. Соңғы жылдары отбасымен Германияда тұрған. 4 маусым күні таңертең екі жасар қызын балабақшаға апарып, сол күйі хабарсыз кеткен. 12 күннен кейін оның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта бала әкесімен бірге тұрып жатыр.

Жақында Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көмек сұрап, күдіктілерді елге экстрадициялау ісіне араласуын сұрады. Ресейдің Тергеу комитеті Германияда қаза тапқан Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасының өтінішіне жауап беріп, тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады