Енді жоғары лауазымды тұлғалар да бір мерзімге сайланады: Конституцияға тағы бір өзгеріс енгізіледі

Рая Минап
Ulysmedia коллажы

Енді жоғары лауазымды тұлғалар да бір мерзімге сайланады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҢА АТА ЗАҢ КЛЕПТОГРАФИЯҒА ЖОЛ БЕРМЕЙДІ

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық кеңестің кезекті отырысында  жоғары лауазымды тұлғалар бір мерзімге сайланатытын мәлімдеді. 

 - Енді жоғары лауазымды бірқатар қызметкерлер үшін бірыңғай мерзім белгіленбек. Бұл Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі. Президенттен бөлек Бас прокурор, Жоғарғы соттың төрағасы және Конституциялық соттың төрағасы бір ғана мерзімге сайланады. Бұл басқарушы элитаның жаңаруына, жаңа кадрларды тартуға ықпал етеді,  – деді Мемлекеттік хатшы.

Қаринннің айтуынша, мұндай норма барлық Конституцияларда кездесе бермейді және басқа елдер үшін үлгі бола алады. 

 - Мұндай өзгеріс басқарушы элитаның жиі ауысып тұруына, қызметке басқа тұлғалардың келуіне жол ашады. Бұл көптеген Конституцияда кездеспейтін, басқаларға да үлгі болатын норма және 2022 жылғы референдумда енгізілген Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші болуына, квазимемлекеттік секторда басшы лауазымын атқаруға тыйым салынады деген нормамен де үйлесіп тұр, - деді ол.

НАҚТЫ НӘТИЖЕ КӨРСЕТУГЕ ИТЕРМЕЛЕЙДІ

Саясаттанушы Риззат Тасымның айтуынша, жаңа Ата заң жобасында көзделіп отырған «бір мерзім - бір жауапкершілік» қағидасы жоғары лауазымды тұлғалар институтын сапалық жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп отырғаны хақ.

- Бұған дейін бір реттік шектеу ең алдымен Президент өкілеттігіне қатысты енгізілгенін білеміз. Енді осы қағида Бас прокурорға, Жоғарғы сот пен Конституциялық сот төрағаларына да бірдей қолданылып отыр. Бұл, біріншіден, саяси басқару жүйесін біріздендіруге бағытталған жүйелі қадам. Екіншіден, сот және құқық қорғау саласында бәсекелестік артып, кейде байқалатын салбырттыққа жол бермеу үшін институционалдық серпін қалыптастырады. Өйткені жаңа конституциялық логикада заң мен тәртіп басты құндылық ретінде орнығып отыр. Үшіншіден, уақыт жағынан шектеудің болуы жоғары лауазымды тұлғаларды формальды тұрақтылықтан гөрі нақты нәтиже көрсетуге итермелейді. Осы тетіктің практикада қалай жұмыс істейтіні уақыттың еншісінде, бірақ жауапкершіліктің күшеюі, талаптың артуы нақтыланған сияқты, - дейді саясаттанушы. 

КЛАНДАР ПАЙДА БОЛМАЙДЫ

Белгілі қаржы сарапшысы Айбар Олжаев бұл үрдіс ықпалды тұлғалардың билікті монополияландырып алмай, әділ ротациясына мүмкіндік беретінін айтады. 

 - Бұл жақсы үрдіс деп ойлаймын. Ол ықпалды тұлғалардың билікті монополияландырып алмай, әділ ротациясына мүмкіндік береді. Бұған дейін Бас прокуратура, Жоғарғы сотта және оған баламалы органдарда бір тұлғалардың ұзақ уақыт қызмет атқаруы кландардың пайда болуына әкелді. Олардың қолында әкімшілік ресурстар мен құзырет болды. Олар қызметін пайдаланып, өз дегенін істеді. Бұл тетік осындай заңсыздықтарға тежеу болады, - дейді ол. 

ҚОЖАМЖАРОВ ІСІ

Қаржы полициясының бұрынғы басшысы, бұрынғы сенатор және кезінде жоғары лауазымдарды иеленген Қайрат Қожамжаровтың ісі билікті өз кәдесіне жарату, биілікті асыра пайдалану және заңсыздықтар толқынын еске түсіреді.

Депутат Ерлан Саиров Қайрат Қожамжаровтың кезінде кланаралық мәселелерді шешумен айналысып келгенін және құзырлы органда қызмет еткен жылдары адамды азаптаумен айналысқанын айтады..

Саировтың сөзінше, Антикор сол кезеңде кланаралық саяси қақтығыстарды шешудің құралына айналған. Бұл ретте ол «Қорғас ісін» және экс-премьер-министр Серік Ахметовке қатысты қылмыстық істі мысалға келтірді. Депутаттың айтуынша, аталған резонансты істер барысында адамдардың қысым көргені жөнінде күдік бар.

«Егер бұл күдіктер расталатын болса, оған қатысы бар барлық тұлғалар заң алдында жауап беруі тиіс. Сол кезеңде Қожамжаров кланаралық мәселелерді реттеумен айналысқан. Сонымен қатар оның заңсыз байығаны туралы да күмән айтылып жүр», – деді депутат.

Сондай-ақ Ерлан Саиров 2011 жылы тәуелсіз журналист Гүлжан Ерғалиеваның келтірген деректерін еске салды. Ол мәліметтерге сәйкес, сол жылдары Дубайдағы Қожамжаровтың отбасы есепшотында 11 миллион доллар болғаны айтылған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған.

«Аталған фактілердің барлығы жан-жақты тексерілуі қажет», – дейді депутат.

Еске сала кетсек, өткен жылы қыркүйекте Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровтың үстінен іс қозғалғанын хабарлады. Экс-прокурор лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша күдікті деп танылған. Қазіргі таңда оған іздеу жарияланған. Кейін оның Мәскеуде жүргені туралы ақпарат тарады. 

Он жыл бойы бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың ең жақын серіктері – Олеся Кексель мен Талғат Татубаевтың есімдері Қазақстандағы ең шулы сыбайлас жемқорлық істерімен байланысты болды. Алайда тағдырдың тәлкегі осы: бүгінде олар өздері азаптау деректері бойынша қылмыстық қудалаудың ортасында қалды. Кексель мен Татубаев тергеген атышулы істерді, соның ішінде журналистер Сейітқазы мен Әсет Матаевтарды қудалау және «А» санатындағы лауазымды тұлғаларға қарсы процестерді еске түсірсек, бұл істердің басым бөлігінде «ақтаңдақтар» көп болғаны, сондай-ақ шығарылған үкімдердің кейін күшін жойғаны анық байқалады.