"Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман": Президент шенеуніктерді сынға алды

Рая Минап
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңейтілген Үкімет отырысында шенеуніктерді «қорқыныштан дірілдемей, өз міндетін орындауға» шақырды,  деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Президент жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс екенін айтты.

 – Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет. Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды. Маған Ұлттық банк пен Қаржылық мониторинг агенттігі бұған қарсылық танытқаны туралы баяндалды. Бұл Конституциялық заң қабылдауға мүмкіндік бермейді. Алайда менің төрағалығыммен өткен жиында мұндай пікір айтылмаған еді,  – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, мемлекеттік органдардың қорқу мен қарсылық білдіруі — шынайы өмірден алыс иллюзиялардың жемісі. Егер қандай да бір орган жаңа ұсыныстармен келіспесе, ол туралы тиісті құжатты оған жіберулері тиіс.

- Егер сіздерде қандайда бір қауіп не қарсылық болса, маған қағаз жүзінде ұсыныс беріңіздер. Тиісті тапсырма беремін. Бірақ, менің ойымша, бұл шындыққа жанаспайтын бос әңгіме секілді. Мен жауапкершілік алудан қашпаймын, ал сіздер конференцияларда ділмәрсіп, сөз сөйлеп жүре беріңіздер. Қазір қорқыныштан қалтырап отыратын емес, нақты жұмыс істейтін заман. Бұл – еліміз үшін бірегей жоба. Сондықтан Үкімет оның басы артық бюрократиясыз, кідіріссіз әрі сапалы дамуын қамтамасыз етуі керек, - деді Президент.