Қазақстан Парламенті 2026 жылдың жазында жұмысын аяқтауы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

1995 жылғы Конституция негізінде қалыптасқан Қазақстан Парламенті 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өз өкілеттігін тоқтатуы ықтимал. Бұл туралы жаңа Негізгі заң жобасында айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құрылтай сайлауы қашан өтеді

Конституция күшіне енгеннен кейін президент Құрылтай сайлауын жариялауы тиіс. Сайлау екі айдың ішінде өтуі қажет. Алғашқы шақырылымдағы Құрылтай өзінің алғашқы сессиясын өткізген сәттен бастап негізгі мемлекеттік органдарды қалыптастыру процесі басталады.

Осы кезеңде, яғни екі ай ішінде президент депутаттардың келісімімен вице-президентті тағайындауы керек. Дәл осы мерзімде Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары да тағайындалады. Жаңа құрам жасақталғанға дейін қазіргі судьялар өз міндетін атқара береді.

Тағы қандай тағайындаулар бар

Құрылтайдың алғашқы сессиясынан кейін Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның жаңа құрамдары қалыптастырылуы тиіс. Қазіргі төрағалар мен мүшелер жаңа тағайындауларға дейін өз өкілеттігін сақтайды.

Сонымен қатар Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде президент Жоғарғы соттың төрағасын, Ұлттық банк басшысын, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, Жоғары сот кеңесінің төрағасын және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындауы керек.

1995 жылғы Конституция бойынша сайланған немесе тағайындалған Жоғарғы соттың және өзге де соттардың судьялары, мәслихат депутаттары мен басқа да лауазымды тұлғалар өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін немесе қолданыстағы заңнамаға сәйкес тоқтатылғанға дейін қызметін жалғастыра береді.