Апелляциялық сот Хасан Қасымбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды

Ulysmedia
ulysmedia.kz

Апелляциялық сот «Хутор» бандасының серкесі делінген Хасан Қасымбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Orda.kz сайтының жазуынша, апелляциялық сот Хасан Қасымбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Қорғаушылары бірінші инстанциядағы сот үкімін негізсіз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Былтыр 11 қарашада Талғар аудандық соты «адам ұрлау», «бопсалау», «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» баптары бойынша айыпталған Хасан Қасымбаев пен тағы бес адамды кінәлі деп танып, 8 жылдан, 22 жылға дейін бас бостандықтарынан айырған.

Атап айтқанда, Хасан Қасымбаев 12 жылға, Сайлау Ақтанов 8 жыл 6 айға, Данияр Асқаров пен Руслан Әлиев 8 жылға, Мадияр Қалымжанов 9 жыл 6 айға, Нұрмұхамет Сұлтанбеков 22 жылға сотталды.

Шерзат Полаттың өлімі және «Хутор» бандасы

«Хутор» қылмыстық тобы мен Хасан Қасымбаевтың аты 2024 жылы 4 қазанда Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың өлімінен кейін айтыла бастаған. Сол уақытта марқұмның туыстары Шерзат Полатты «өлтірген» адамдардың «Хутор» бандасымен қатысы барын айтқан.

Полиция Талғар ауданында ешқандай қылмыстық топ жоқ деп мәлімдеген. Хасан Қасымбаев 2024 жылы 4 қарашада ұсталған. Оның үстінен 2021 жылы болған оқиға бойынша іс қозғалып, «адам ұрлау», «бопсалау», «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» баптары бойынша айып тағылған.

Қоғамдық резонанстан кейін 2024 жылы 15 қазанда Хасан Қасымбаевтың туысы Аслан Қасымбаев қызметінен кеткен. Ол Талғар ауданы әкімінің аппаратын басқарған. Ресми сот деректеріне сәйкес, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев атышулы «Қорғас ісі» бойынша «куәгерді өлтірді» деген айыппен түрмеде отыр.