Жамбыл облысында бұрынғы жоғары лауазымды полицейлер сотқа тартылды

Сырым Қаржас
gov.kz

Тараз қаласындағы сотта облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық істер қарала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Айыпталушы - облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев және оның қарамағында жұмыс істеген, Талас ауданы полициясын басқарған Еркін Абаев. Құттыбаевқа аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылған. Ал Абаевқа қылмысқа сыбайлас болу және пара алу баптары бойынша айып тағылып отыр.

КОНТЕКСТ

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжал өткен күзде ушыққан. Сол кезде бұл жағдайға байланысты облыстық полиция департаментінің басшысы Бақытжан Малыбаев қызметінен кеткен еді. Тексеріс басталған алғашқы кезеңде Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік қызметінің өкілдері Құттыбаевтан қызметтен кету туралы рапорт жазуды талап еткен. Алайда ол бұған келіспеген. Осыдан кейін оған алаяқтық дерегі бойынша айып тағылды.

Еркін Абаев біраз уақыт бойы бой тасалап жүргенімен, кейін бұрынғы әріптестеріне өзі келіп берілген. Іс бойынша жәбірленуші ретінде полицияның бұрынғы қызметкері Дархан Уәлиев танылған.