Қазақстан Бейбітшілік кеңесі деңгейінде талқыланып жатқан халықаралық қауіпсіздік миссиясы аясында Газа секторына өз әскери қызметкерлерін жіберу мүмкіндігін қарастырып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Халықаралық тұрақтандыру күштері
Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштеріне қатысуы мүмкін. Бұл туралы Бейбітшілік кеңесінің отырысы барысында айтылды. Аталған күштерді құру АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған жоспар аясында көзделіп отыр. Жоспар қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін аймақтағы жағдайды тұрақтандыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Миссияға кімдер қатысуы мүмкін
Қазақстаннан бөлек, Халықаралық тұрақтандыру күштеріне басқа да мемлекеттер қатысуы мүмкін. Қатысушылар қатарында Марокко, Индонезия, Грекия, Албания және Косово аталады. Әр елдің миссияға қатысу форматы, жіберілетін әскери контингенттің саны мен мандаты әзірге талқыланып жатыр.
Кім басшылық етеді
Алдын ала мәліметке сәйкес, Газа секторындағы халықаралық күштерге америкалық генерал Джаспер Джефферс басшылық етуі мүмкін.
Қазақстан Газа секторына қаржылай көмек көрсетуге уәде берді
Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторына ауқымды қаржылай қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, АҚШ тұрақтандыру және гуманитарлық көмек мәселелерімен айналысатын жаңа құрылымның жұмысына 10 млрд доллар бөлмек. Бұдан бөлек, тағы 7 млрд доллардан астам қаржыны бірнеше мемлекет бөлуге уәде еткен. Олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко, Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт бар. Сондай-ақ Трамптың сөзінше, БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы қосымша шамамен 2 млрд доллар жинап жатыр. Ол Жапония да ірі қаражат жинау науқанын дайындап жатқанын атап өтті.
Білім
Еске салайық, бұған дейін 500-ден астам палестиналыққа Қазақстанда тегін білім алуға мүмкіндік берілетіні хабарланған еді.