«Қазақстан біз үшін үйге айналды»: шешендер мен ингуштар депортацияны қалай өткерді

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

1944 жылғы 23 ақпанда «Чечевица» операциясы басталып, шечшндер мен ингуштарды жаппай күштеп көшіру науқаны болды. Бірнеше күннің ішінде жүздеген мың адам туған жерінен зорлықпен әкетілді. Жер аударудың негізгі бағыты Қазақстан болды. Әртүрлі дерекке сүйенсек, бұл жаққа 400 мыңнан астам адам жіберілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Операция түн ішінде басталған. Әскери қызметкерлер үйлерге баса-көктеп кіріп, қару кезеніп, адамдарды далаға шығарған. Адамдарға жиналуға санаулы минут қана берілген. Өздерімен бірге алып үлгермеген дүние-мүлік сол жерде қалды не жойылған. Кейін адамдарды жүк вагондарына тиеп, шығысқа қарай ұзақ жолға жөнелткен. Көп адам бұл жолды да, жер аударудың алғашқы жылдарын да көтере алмады.

Қазақстанға жеткізілгендерді кей жағдайда тіпті далаға түсіріп кеткен. Тұратын баспана жоқтың қасы болды. Адамдар жер қазып, жертөле салды, саманнан үй тұрғызды, жаңа ортада күн көруге үйренді. Аштық, суық пен ауру мыңдаған адамның өмірін қиды.

Бүгінде сол ауыр кезеңді депортацияға ұшырағандардың ұрпақтары еске алады. Жақында интернетте Шешенстанда тұратын қарт әйелдің естелігі жазылған видео тарады. Жазбаны оның немересі жариялаған. Әйелдің айтуынша, жер аудару кезінде өзі небәрі төрт жаста болған. Ол анасыз қалып, Қазақстанда өсіп-жетілген.

– Қазақтар шешендерге әрдайым мейірімді болды. Халқымызды Қазақстанға жер аударғанда, олар бізді жанашырлықпен қарсы алды, – деп еске алады ол.

Оның сөзінше, адамдар арасында араздық болмаған. Шешендер мен қазақтар көрші тұрып, бір-біріне көмектесіп, қиындықты бірге еңсерген.

– «Сендер – шешенсіңдер, біз – қазақпыз» деген ешқашан болған емес. Барлығы тату-тәтті өмір сүрді. Қазақстаннан Шешенстанға қонаққа келетін шешендер бұл елді үнемі мақтап, өздерін ол жақта үйіндегідей сезінетінін айтады. Елдің жайлы болғаны соншалық, кеткілері де келмейді, – дейді ол.

КОНТЕКСАТ

Шешендер мен ингуштар туған жеріне тек 13 жылдан кейін, 1956–1957 жылдардағы шешімдерден соң ғана орала алды. Алайда 1944 жылғы қасірет әлі күнге дейін тарихтағы ең ауыр беттердің бірі болып қала береді. Қазір Қазақстанда шешен диаспорасы көп. Көптеген отбасы үшін, өздерінің айтуынша, бұл ел – ата-бабалары аман қалып, мәдениетін сақтап қалған екінші отанына айналған.