Белгілі журналист «Қыз Жібектің қамзолы» дауына қатысты пікір білдірді

Қалижан Бектемір
Коллаж: Ulysmedia.kz

Желіде қызу талқыланған камзол дауына байланысты журналист Гүлбану Әбенова өз көзқарасын білдіріп, мәселені тек бір киім төңірегіндегі әңгіме емес, мәдени мұраға деген көзқарас деп бағалады. Оның айтуынша, «олигарх» сөзі қорлау емес, ірі капиталға ие әрі саяси ықпалы бар тұлғаларға берілетін анықтама, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖУРНАЛИСТ ЖАЗБАСЫ

Журналист кейбір кәсіпкерлердің өздерін «қарапайым» етіп көрсетуін сынға алып, үлкен табыс пен ықпал жауапкершілікті де қатар алып жүретінін атап өтті. Сондай-ақ өнер саласындағы «еңбектер» туралы айтылған пікірлерге күмән келтіріп, бұл көбіне бизнес пен табыс көзі екенін жасырмады.

Журналист өз жазбасында «Қазақфильм» мен театр қорларындағы костюмдердің сақталу мәдениеті туралы да сөз қозғады. Автордың пікірінше, тарихи әрі көркемдік құндылығы бар дүниелер жеке адамдардың гардеробында емес, музейлерде сақталуы тиіс. Әсіресе, «Қыз Жібек» фильміндегі костюмдер – ұлттық мәдени мұраның бір бөлігі.

«ЖІБЕКТІҢ ҚАМЗОЛЫ» ТҮПНҰСҚА МА?

Сондай-ақ журналист әйгілі «Жібек камзолының» түпнұсқа екендігі күмән тудыратынын айтып, оның көшірме болуы мүмкін екенін алға тартты. Соған қарамастан, мұндай символдық дүниелер қоғам игілігіне ұсынылуы керек деген пікір білдірді.

Жазба соңында автор қоғамдағы «бәрі қызғаныштан» деген түсінікті де сынға алып, шынайы құндылық жария байлық емес, мәдени мұраны сақтау екенін атап өтті.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін танымал продюсер Баян Алагөзова Instagram-дағы оқырмандарына аңызға айналған камзолды көрсеткен. Оның айтуынша, бұл – сыйлық. Дәл осындай қызғылт камзолды актриса Меруерт Өтекешева «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған кезде киген.

Бұл жай ғана бұйым емес, мен оны өмірімнің соңына дейін сақтаймын. Себебі бұл – Меруерт Өтекешеваның нағыз камзолы, оған шамамен 50 жыл болған. Бұл – Гүлфайрус Ысмайылованың қолөнер туындысы. Осындай құнды дүниенің маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Тіпті біз Меруерт Өтекешевамен бір өлшемде болған екенбіз, – деген еді Алагөзова видеода.

МӘДЕНИЕТ МИНИСТРЛІГІНІҢ УӘЖІ ҚАНДАЙ?

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Қазақфильм» киностудиясының қорында «Қыз Жібек» фильмінен қалған түпнұсқа камзолдың біреуі ғана сақталған.

Аталған экспонат ұлттық кино мұрасының маңызды бөлігі ретінде ерекше қорғауға алынған. Ал продюсер жариялаған екінші камзолдың қалайша жеке қолға өткеніне қатысты мәселе қазіргі уақытта анықталып жатыр, – деп хабарлады министрлік.

Қазір мамандар екінші камзолдың қайдан шыққанын тексеріп жатыр.

«Қазақфильм» киностудиясы құнды реквизиттер мен костюмдерді жинау, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Сонымен қатар студия жанынан отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылатын ауқымды музей ашу жоспарланып отыр, – деп толықтырды Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Бұған дейін де журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіпкер Тұрсын Алагөзов пен продюсер Баян Мақсатқызына қатысты пікір білдірген болатын.