Атырау облысында ата-енесін өлтіріп, қашып кеткен күйеу бала жұбайымен бірге Индонезияда ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдікті Индонезияда ұсталған.
“Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке алынған. Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да анықталды”, – делінген хабарламада.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.
Қазіргі уақытта оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.
ОТБАСЫНЫҢ ЖОҒАЛУ ОҚИҒАСЫ
Отбасы мүшелерін іздеу былтырғы жылдың 25 желтоқсанында туыстары құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін басталды. Кейін шаруашылық құрылыстан үй иесі мен оның жұбайының денелері табылды. Қаза тапқандардың үш баласы болған: 35 және 30 жастағы екі қызы, сондай-ақ 32 жастағы ұлы. Ерлі-зайыптылар мен олардың екі баласы (35 жастағы қызы және 32 жастағы ұлы) ресми түрде 2025 жылғы 25 желтоқсанда із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілді. Алайда туыстары олармен байланыс қараша айында үзілгенін айтады.
Бір қызығы, отбасының кенже қызы 30 жастағы Ақбаян Мұқанғалиева 7 қаңтарда ғана іздеуге жарияланған. Оның күйеуі қос адам өлтіру ісі бойынша басты күдікті болды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ерлі-зайыптылардың бес баласы бар. Қазіргі уақытта олар күйеуінің туыстарының қарауында.