Индонезияда ұсталған ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Күдіктілер алдымен этаппен Mалайзияға жеткізіліп, кейін Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырылған. 9 наурыз күні таңертең Алматыдан Атырау қаласына жеткізілген.
Қазіргі уақытта Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева қамауда, тергеушілерге жауап беріп жатыр. Іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Контекст
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылы қарашада Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылыс нысанының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.
Былтыр желтоқсанда Атырау облысының Қызылқоға ауылында тұтастай бір отбасының із-түссіз жоғалып кеткені туралы хабар тараған. Кейіннен ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіті өздері тұрған үй аумағынан табылған. Іс бойынша отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, іздеу жарияланған.