Жетісу облысында балықшыны құтқармақ болған құтқарушы қаза тапты

Рая Минап
Фото: instagram.com/112jetisu

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Жетісу облысында 31 жастағы құтқарушының қалай қаза тапқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Оның айтуынша, құтқарушы Жетісу облысы Жаркент қаласының азаматын құтқару кезінде қаза тапқан.

- Өкінішке орай, құтқарушымыз қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапты. Өйткені қазір көктем, мұз еріп жатыр. Балықшы ескертуді тыңдамай барған екен. Құтқарушымыз мұз жарылып, суға кетті. Біз оны судан шығарғанша қайтыс болды. Министрлік тарапынан оның отбасына тиісті көмек көрсетіліп жатыр, - деді Кеген ТұрсынбаевСенат кулуарында.

Вице-министр  қайғылы оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

- Себептерін біздің қызметкерлер анықтайды, содан кейін қандай да бір заңбұзушылық болған-болмағаны белгілі болады. Ол мұз үстіне барып, адамды құтқармақ болған. Мұз ойылып кеткен. Өкінішке қарай, зардап шеккен адам да суға батып кетті, – деді ол.

КОНТЕКСТ

2026 жылдың 7 наурызында қызмет пультіне Атамекен ауылдық округіндегі Алтынкөл көлінде балық аулау кезінде мұз жарылғаны туралы хабар түскен. Ер адам  бөлінген мұзда қалып, су қоймасының ортасына ағып кеткен.Алайда құтқару операциясы кезінде мұз тағы да жарылып, қайғылы жағдай болған. Салдарынан құтқарушы Панфилов ауданы ТЖ бөлімінің № 11 өрт бөлімі қарауыл бастығы, азаматтық қорғау майоры Дамир Таранов қаза тапты.