Зерттеу нәтижесі Алматы мен Астанадағы пәтердің шаршы метрінің бағасына қандай факторлар көбірек әсер ететінін көрсетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тұрғын үйге инвестиция тартылатын негізгі қалалар
Ұлттық банк ақша-несие саясаты жөніндегі баяндамасында Астана мен Алматы тұрғын үй құрылысына инвестиция салудың негізгі орталықтары болып қала беретінін атап өтті.
– 2019–2025 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар Астанада жыл сайын орта есеппен 13,9%-ға, ал Алматыда 16%-ға өсіп отырған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі тұрғын үйге салынған барлық инвестицияның 38,6%-ы осы екі ірі қалаға тиесілі, – делінген баяндамада.
Пәтер бағасына нақты қандай факторлар әсер ететінін анықтау үшін Ұлттық банк эконометрикалық зерттеу жүргізген. Талдау үшін 2025 жылдың маусым–тамыз айларындағы Krisha.kz сайтында жарияланған пәтер сатылымы туралы хабарландырулар пайдаланылған. Сарапшылар пәтердің орналасуы, саябақтарға, метроға, жағалауға жақындығы, үйдің түрі, ғимараттың жасы және басқа да көрсеткіштерді зерттеген.
Сол жағалау бағаны бірден көтереді
Елордада пәтердің Есіл өзеніне қатысты орналасуы маңызды рөл атқарады. Сол жағалаудағы пәтерлердің бағасы орта есеппен 11,3%-ға қымбат. Сондай-ақ жағалауға жақын орналасқан үйлер де қымбат — жағалаудан 1 шақырым радиустағы тұрғын үйдің құны орта есеппен 10,4%-ға жоғары. Ал егер пәтер саябақтан 1 шақырымнан алыс болса, оның бағасы шамамен 10,5%-ға төмен болады. Үлкен сауда және ойын-сауық орталықтарының жақын орналасуы да бағаның өсуіне әсер етеді. Бағаға ең көп ықпал ететін факторлардың бірі — төбенің биіктігі. Егер төбе биіктігі 1 метрге жоғары болса, шаршы метрдің бағасы шамамен 59%-ға дейін өседі. Ал шеткі қабаттардағы пәтерлер әдетте арзанырақ болады.
Алматыдағы бағаға не әсер етеді
Алматыда Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан пәтерлер едәуір қымбат — олардың бағасы орта есеппен 20,6%-ға жоғары. Сондай-ақ көлік қолжетімділігі де маңызды. Егер пәтер метро станциясынан 2 шақырымнан алыс болса, оның бағасы шамамен 6,2%-ға төмендейді. Қала аудандары арасында да айтарлықтай айырмашылық бар. Астанадағы сияқты, пәтердің өз сипаттамалары да бағаға әсер етеді. Жоғарғы қабаттардағы пәтерлер әдетте арзанырақ болады. Ал Алматыда ғимараттың жасы бағаға салыстырмалы түрде аз әсер етеді: панельді үйлер жыл сайын шамамен 0,17%-ға арзандаса, монолитті үйлер 0,46%-ға төмендейді.