Қазақстандағы ең саяси қала саналатын Алматыда Жаңа Конституция бойынша референдумға дауыс беруге келген халық саны өзге аймақтармен салыстырғанда өте төмен. Саясаттанушылар мен тәуелсіз бақылаушылар мұны қала халқының сайлау және дауыс беру институтына сенімсіздігі десе, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды халықтың не үшін дауыс беруге неге құлықсыз екенін білмейтінін айтты. Ulysmedia тілшісі бүгін қаланың әртүрлі ауданындағы бірнеше учаскені аралап, референдум барысын бақылап көрді.
Фото: Ulysmedia.
«Фото есеп үшін дауыс беруге барған халық»
Алматыдағы референдум учаскелеріндегі көріністің бір-бірінен аса айырмашылығы жоқ. Ulysmedia тілшісі барған Алатау, Медеу және Наурызбай аудандарындағы референдум учаскелерінің барлығында дауыс беруге келіп жатқан халық саны өте аз. Мысалы, Медеу ауданындағы №48 мектеп ғимаратында орналасқан 388 референдум учаскесінде түскі сағат 14:00 шамасында дауыс беруге келген халық саны небәрі 14 пайыздан асқан.
«Өте көп адам келіп, дауыс береді, сосын суретке түседі. Мен өзім оларды бірнеше рет суретке түсірдім. «Бұның барлығы не үшін керек» деп бірнеше рет сұрадым да. Олар «фото есеп үшін керек» деп жауап берді. Бір суретке түсіп, бір жаққа есеп жіберіп жатыр», –деді осы учаскеде «Мұқалмас» қоғамдық ұйымының атынан тәуелсіз бақылаушы болып отырған Эльмар Құсайнов.
Эльмар Құсайнов. Фото: Ulysmedia.
«Amanat» бақылаушысы
Наурызбай ауданындағы №200 мектеп аумағында орналасқан референдум учаскесіндегі көрініс те осыған ұқсас болды. №504 учаскеде 2442 адам тіркелген. Бірақ түс ауып, сағат 15:30 болса да дауыс беруге бар жоғы 508 адам келген.
Дәл осы мектептегі №562 учаскеде тіпті кейбір бақылаушылар қанша адам келгенін айтқысы да келмеді. Өзін «Amanat» партиясының бақылаушысымын деп таныстырған бақылаушы дауыс беруге қанша адам келгенін айтуда бас тартты. «Мен есеп беруге міндетті емеспін» деді. Аты-жөнін де атамады.
Фото: Ulysmedia.
Бақылаушылар
Алматыда 70-ке жуық референдум учаскесін бақылап отырған «Мұқалмас» ұйымының құрылтайшыларының бірі Мұрат Оспанов сағат 14:00-ге дейін өздері бақылап отырған учаскелердің кейбіріне тек 39 адам ғана келіп дауыс бергенін айтты.
«Біздің бақылаушылар отырған учаскелерде халықтың дауыс беруі өте төмен. Бүгіндікке 39 ғана адам келген учаскелер бар. Ең көп дегенде сағат екіге дейін 26 пайыз ғана. Халықтың келмейтін себебі ешкімде сенім жоқ. Қазір келіп жатқан адамдардың барлығы жұмысынан келіп, селфиге түсіп, соны ашық айтып қойып жатқандар да бар. Жіберу керек бастыққа деген бар... Бірақ нәрсе ғой ол. Билікке деген сенімнің жоқтығынан», – дейді ол.
Мұрат Оспанов. Фото: Ulysmedia.
“Уақыт көрсетеді”
Орталық сайлау комиссиясының 16:00-дегі есебі бойынша, Алматыда референдумға халықтың 28,16 пайызы ғана келген.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды дауыс беруге келді. Әкім Ulysmedia тілшісінің «Қала халқы неге дауыс беруге аз келеді?»деген сұрағына мардымды жауап бере алмады.
«Себебін айтпай-ақ қояйық. Бірақ үгіт жұмыстары жүрді. Артық нәрсе айтсақ әкім үгіт жүргізді деп жүрмесін. Бірақ уақыт көрсетеді. Кешке дейін күтейік. Келмеген адамдардан сұрайсыздар», – деді әкім.
Дархан Сатыбалды. Фото: Ulysmedia.
Референдумды бақылап отырған саясаттанушы
Саясаттанушы Дос Көшім Алматы халқы өзге аймақтармен салыстырғанда саяси сауаты жоғары болғандықтан дауыс беруге келмейді дейді. Сөзінше, дауыс беруге келмеудің өзі қарсылықтың бір түрі.
«Аяқпен дауыс беру дейді ғой. Аяқпен дауыс беру деген – бармау. Бармау да өздерінің көзқарастарын білдіру деп ойлаймын. Екіншіден референдумның заңы сайлау туралы заңнан сәл-пәл бөлек. Референдумда халықтың 50 пайыздан азы қатысса, онда референдум болмаған болып есептелінеді. Сондықтан осыны да ойлаған болуы керек», – деді ол.
Дос Көшім бүгін өзі де референдумды бақылап отырғанын айтты. Сөзінше, ол Жетісу ауданындағы №327 учаскеде тәуелсіз бақылаушы болып отыр. Мұнда да дауыс беруге келген адамдар саны өте төмен дейді.
«Мен бақылап отырған референдум учаскесінде кешкі сағат сегізге дейін ұзап кетсе 30-дан сәл асуы мүмкін. Бұл көрсеткіш ең максимумы», – деді Дос Көшім.
ОСК референдум өтті деп таныды
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда референдум өтті деп танылғанын мәлімдеді. Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша, дауыс беруге құқылы халықтың 64,43 пайызы дауыс берген.