Алматыда ата-аналар танымал актермен байланысты киностудияға алданған

Сырым Қаржас
Видео кадры

Алматыда бір топ ата-ана жеке киностудияға алданып қалғанын айтып, наразылық білдірді. Олардың сөзінше, баласын киноға түсіріп, жұлдыз қыламыз деген уәдеге сеніп, қомақты қаржы төлеген. Алайда уәде етілген жоба да, түсірілім де жүзеге аспаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ата-аналардың айтуынша, Jan Production деп аталатын орталық әлеуметтік желіде кеңінен жарнамаланған. Кастинг осы студия кеңсесінде өткен. Көпбалалы ана Әйгерім Рақышева да сол жарнамаға сеніп, ұлын қатыстырғанын айтады, деп хабарлады КТК.

Оның сөзінше, орталық қызметкерлері баласының кастингтен өткенін, басты рөлге бекітілгенін айтып сендірген. Тіпті жабық көрсетілімге лимузинмен келіп, қызыл кілеммен жүретінін де уәде еткен. Осы мүмкіндіктер үшін олардан 1,5 миллион теңге сұралған. Баласының болашағына сенген ана бұл соманы бөліп төлеп, келісімшартқа отырған.

Ата-ана Әйгерім Рақышева екі ай сабақ өтеді, кейін толыққанды фильм түсіріліп, кинотеатрларда көрсетіледі деген уәде берілгенін айтады. Алайда бұл жоспарлар орындалмаған.

Оның айтуынша, ата-аналар өздерін алданғандай сезінеді, әрі балаларға берілген үміттің ақталмағаны алаңдатады.

ШАҒЫМ

Наразы ата-аналардың айтуынша, студия клиент тарту үшін бөліп төлеу мүмкіндігін де ұсынған. Жоспар бойынша алдымен сабақтар өтіп, кейін түсірілім басталуы керек болған. Бірақ іс жүзінде сабақтар толық өтпеген, ал кейбір балалар мүлде оқытылмаған.

Анар Мыңбаева да қызы үшін дәл осындай соманы төлеген. Ол да үлкен премьера, қызыл кілем, сертификат беріледі деген уәделерге сенгенін айтады. Қазір ол да басқа ата-аналармен бірге ақшасын қайтаруды талап етіп жүр.

СТУДИЯ НЕ ДЕЙДІ

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін студия өкілдерімен байланысқа шыққанда, олар қаржылық қиындық туындағанын жеткізген. Компания басшысы Ержан Едігебаев түсірілімді қайта бастауға ниетті екенін, ал егер жоба жүзеге аспаса, ақшаны толық қайтаратынын мәлімдеген.

Сондай-ақ ол жобаға қатысқан актерлердің студия жұмысына қатысы жоқ екенін атап өткен.

Ал актер Жан Байжанбаев бұл студияға қатысы жоқ екенін айтып, тек жалдамалы актер ретінде жұмыс істегенін түсіндірді. Оның сөзінше, студия атауын оның есімімен атауға рұқсат берген. Сонымен қатар ол жағдайды реттеу үшін көмектесуге дайын екенін жеткізген.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Ата-аналар бұл жағдайға байланысты полицияға арыз жазған. Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Қазір тергеу жүріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, тағы 100-ге жуық адам арыздануы мүмкін.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР

Ата-аналардың айтуынша, ел бойынша шамамен 4 мың адамнан орта есеппен 1,5 миллион теңгеден жиналған. Алдандық дегендер қаржылары толық қайтарылмайынша күресті тоқтатпайтынын айтады. Олардың көпшілігі бұл ақша үшін несие алғандарын да жеткізді.