Жанәбіловтер ісі бойынша прокурорға ескерту жасалды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында блогер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

18 наурыздағы сот отырысында адвокат Гаухар Айтжанова сөз сөйлеп, мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаевқа ескерту жасауды сұрады. Себебі ол журналистерге берген пікірінде Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша айыппұл жазасы қарастырылмаған деп айтқан.

Адвокаттың айтуынша, мұндай мәлімдемелер заңды дұрыс түсіндірмейді және қоғамда қате пікір қалыптастырады.

- Кейін прокурордың өзі айыппұл бар екенін мойындады. Бірақ ол айыппұлды дұрыс есептемеді. Айыппұл нақты сомаға көбейтілмейді, ол 3 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) аралығында белгіленеді, – деді Айтжанова.

Оның сөзінше, заңды бұлай қате түсіндіру адамдарды шатастырып, істің мәніне әсер етуі мүмкін.

Мемлекеттік айыптаушы өз сөзінде қателескенін мойындап, 218-бапта айыппұл қарастырылғанын айтты. Осыдан кейін судья Әділбек Баймаханов прокурорға ескерту жасады.

- Журналистерге жауап берер алдында не айтатыныңды ойлау керек, – деді судья.

Еске салайық, блогерлерге екі бап бойынша айып тағылып отыр:
214-бап – заңсыз кәсіпкерлік,
218-бап – ақшаны заңдастыру (жылыстату).