Тәжікстан Иран халқына гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Тәжікстан билігі таратқан ақпаратқа қарағанда, Иранға 3610 тонна гуманитарлық жүк тиелген 110 көлік жіберілген. Гуманитарлық көмектің құрамында дәрі-дәрмек, гигиеналық құралдар, балалар киімі, азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, шатырлар мен құрылыс материалдары бар.
Тәжікстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, гуманитарлық көмек 18 наурызда жіберілген.
Бұған дейін Өзбекстан билігі де Иранға гуманитарлық көмек жібергенін хабарлаған. Жүк көліктері Иранға Түркіменстан арқылы жөнелтілген. Өзбекстанмен қатар, Иранға гуманитарлық көмекті Әзербайжан да жіберген.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары басқармасының мәліметінше, Иранда әскери қақтығыс салдарынан 3,2 миллион адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр болған. Олардың басым көпшілігі ел астанасы Тегеран қаласының тұрғындары.
Контекст
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Әуе шабуылы кезінде елді үздіксіз 37 жыл басқарған аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан. Осыдан кейін ресми Тегеран қарымта ретінде Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базалары мен Израильді атқылаған. Парсы шығанағындағы араб елдеріндегі азаматтық нысандардың да шабуылға ұшырағаны айтылған. Сол уақыттан бері аймақтағы жағдай ушығып тұр. Иран билігі Ормуз бұғазын жапқаннан кейін, ол әлемдегі мұнай бағасына да әсер еткен.