"Баға беруге әлі ерте" - сенатор Боқаевтың ұсталуы туралы

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Сенат депутаты Жақып Асанов Санжар Боқаевтың ұсталуына қатысты сұрақтарға жауап беріп, бұл іс бойынша нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты. Оның сөзінше, қылмыстық іс материалдарына қолжетімділік болмай тұрып қандай да бір ұстаным қалыптастыру дұрыс емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Асанов ең алдымен Конституцияда бекітілген негізгі қағидаттарды басшылыққа алу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда басты назар кінәсіздік презумпциясына аударылуы тиіс.

– Бірдеңе айту үшін іс материалдарына қол жеткізу керек. Менде ондай құқық жоқ. Сондықтан тек қандай да бір мәлімдемелерге сүйеніп, өз позицияңды қалыптастыру — дұрыс емес. Екінші жағынан, Конституцияда бекітілген базалық қағидаттарды басшылыққа алу қажет. Ең алдымен, сөз кінәсіздік презумпциясы туралы болып отыр. Ешкімнің кінәсі сот үкімі заңды күшіне енбейінше дәлелденді деп саналмайды. Сондықтан сот талқылауын күту керек. Осы уақытқа дейін бірде-бір ақылға қонымды заңгер оның дұрыс не бұрыс екенін нақты айтып бермейді, – деді сенатор.

Сондай-ақ журналистер Жақып Асановтан бұл жағдайды референдумнан кейінгі «алаңды тазарту», яғни билікке қолайсыз адамды шеттету әрекеті деуге бола ма деп сұрады.

Сенатор бұл болжаммен келіспейтінін аңғартты. Оның сөзінше, тергеу жүріп жатқан кезде кез келген қылмыстық істің материалдары толық ашыла бермейді, сондықтан мұндай тұжырым жасауға асықпау керек.

– Білесіз бе, кез келген қылмыстық істің материалдарының көбі тергеу барысында ашылмайды. Сондықтан мен мұндай қорытынды жасауға асықпас едім. Мен ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпын, сөз бостандығына да ешқандай қатер көріп тұрған жоқпын. Құқықтық алаң аясында әркім өз қызметімен айналыса алады, – деді Жақып Асанов.

Сенатор Санжар Боқаевтың ісіне құқықтық тұрғыдан баға беру үшін сот процесінің аяқталғанын күту қажет екенін жеткізді.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, 18 наурызда Алматыда саяси белсенді Санжар Боқаев ұсталды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ұсталуына байланысты пікір білдірді. Оның сөзінше, белсендінің қоғамдағы орыны бөлек, бірақ тергеу амалдарының қорытындысын күту қажет.