Санжар Боқаев екі айға қамауға алынды

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қоғам белсендісі және блогер Санжар Боқаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Тергеу соты 19 наурызда өтті. Бұл туралы редакциямызға оның адвокаты Диас Ахметов хабарлады.

– Ол Алматы қаласы бойынша ҰҚК тергеу изоляторында отыр. Оны үш адвокат – Алма Мусина, мен және Мұрат Адам қорғайды , – деді ол.

Жақында Бас прокуратура өздерінің ресми ұстанымын мәлімдеді. Онда блогер ағаштарды заңсыз кесуді және ұрлықтарды ұйымдастырды деген күдікке ілінгені, сондай-ақ ірі алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін екені айтылған.

Адвокаттың мәліметінше, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы және 340-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша тергеліп жатыр.

КОНТЕКСТ

Санжар Боқаевтың ісі біртіндеп жаңа деректермен толығып жатыр. Ulysmedia.kz әлеуметтік желілерде фактілерді бұрмалады деп айыпталған қоғам белсендісі әрі блогердің қорғаушысы Диас Ахметовпен, сондай-ақ құқық қорғаушы Евгений Жовтиспен сөйлесті.