Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адам қаза болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қаза тапқандардың туыстары істің әділ тергелуін талап етуде. Олар апатқа қатысы бар барлық тұлғаларды жауапкершілікке тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
«Менің құрбым әль-Фараби көшесінде болған жол апатынан қаза тапты… Қазір ол бір адамның әрекеті салдарынан жер қойнына кетті. Одан бөлек тағы екі адам — жүргізуші мен тағы бір қыз қаза болды. Олар кінәсіз адамдар еді. Біз ашық сот өткізуін талап етеміз», — деді жол апатынан қаза болған марқұмдардың бірінің жақыны.
Қаза тапқандар кімдер?
Жантүршігерлік апат салдарынан Mercedes ішінде отырған үш адам: жүргізуші және екі жолаушы қыз қаза тапқан.
Жүргізушінің есімі - Еламан. 29 жаста. Компьютерлік клубтың администраторы болған. Оның артында 6 жасар қызы қалды.
Еламанның туыстары оның сол түні таныс қызды үйіне жеткізіп салып, кейін өз шаруаларымен кеткенін айтады.
Көлікте болған екі қыздың есімі – Құмар мен Тансим (лақап аты).
Жақындарының айтуынша, Құмар - 22 жаста, медициналық білімі бар, психолог мамандығы бойынша білім алып жүрген студент. Екінші қыз туралы ақпарат аз, бірақ тұрмыстағы қыз екені айтылды.
Кім кінәлі?
Журналист Михаил Казачковтың мәліметінше, Zeekr көлігінің иесі - 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак. Ол Алматының жоғарғы бөлігінде тұрады. Сол мекенжайы бойынша, автокөлік саласына қатысты екі компанияның құрылтайшысы.
Компанияның бірі — 2025 жылы тіркелген «ГУ ХОЗУ Алматы» ЖШС, бұл кәсіпорын өткен жылы шамамен жарты миллион теңге көлемінде салық төлеген.
Ал екіншісі — 2024 жылдың күзінен бері жұмыс істеп келе жатқан «Глобал Партнер» ЖШС. Бұл компания осы уақытқа дейін мемлекет бюджетіне 50 миллион теңгеден астам салық аударған.
Журналисттің пікірінше, Пак басқарған Zeekr көлігінің құны шамамен 100 мың долларды құрайды, бұл оның материалдық жағдайының жақсы екенін білдіреді.
Кінәлі қазір қайда?
Қазіргі уақытта Zeekr жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханада жатыр. Казачковтың мәліметінше, жүргізушінің қабырғасы, жамбас сүйегі мен оң аяғы сынған.
«Күдікті дене жарақаттарын алып, қазіргі уақытта күзеттің бақылауымен медициналық мекемеде жатыр. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалатын болады», - делінген полиция хабарламасында.
Бірақ оқиға куәгерлері сол түні Zeekr көлігінің тағы бір көлікпен жарысқанын айтады.
«Zeekr көлігімен бірге BMW жүргізушісін де жауапкершілікке тартуды сұраймыз. Себебі сол түні олар жолда жарыс ұйымдастырып, адамдардың өміріне қауіп төндірді», – дейді Еламанның қарындасы.
Қандай жауапкершілікке тартылады?
Полицияның мәліметінше, Әл-Фараби даңғылында болған үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көзделген.
Жүргізушінің алкоголь немесе басқа да масаң күйде болған-болмағанын анықтау үшін медициналық тексеріс жүргізу туралы шешім қабылданған. Оның нәтижелері кейінірек жарияланады.
«Бұдан бөлек, жүргізушіге қатысты жол қозғалысы қағидаларын бұзудың өзге де деректері бойынша әкімшілік іс қозғалды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.Тергеу амалдары Алматы қаласы полициясының ерекше бақылауында және толық көлемде жүргізілуде», - деді полиция.
“Алматы полициясының бастығын алып тастау керек”
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жол апатына байланысты ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қайырылды. Ол министрді Алматыға келіп, жолдағы тәртіпті қадағалауға үндеді.
«Ержан Сәденов, қайда қарап отырсыз? Алматыға келіңіз, тәртіпті орнатыңыз. Не масқара мынау? Кеше ғана қайтыс болды. Бүгін қайтыс болған балалардың ата-анасы ренжіп, президентке үндеу жолдап жатыр. Сіз отырсыз ана жерде. Мына Алматы полициясының бастығын алып тастау керек қой. Тәртіп жоқ мына жерде», - деді дептутат.
21 наурыз күні түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Статистика не дейді?
ҚР Бас прокуратурасының дерегіне сәйкес, қысқы кезеңде елде 7 742 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 429 адам қаза тапқан. Ең көп апат Алматыда — 1 588 ЖКО, ал ең азы Ұлытау облысында — 56.
Өліммен аяқталған апаттар бойынша Алматы облысы бірінші орында (745 оқиға, 63 қаза).