Алматыдағы заңсыз жарыстар: депутат полицияны сынға алды

Ақлима Джақсыбекова
ulysmedia.kz коллажы

Бүгін депутат Мұрат Әбенов Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы бойына барып, тікелей эфирде ішкі істер министрі Ержан Сәденовке үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай 


Депутат тікелей эфир арқылы Алматыдағы заңсыз көше жарыстары мәселесіне назар аудартқысы келгенін айтты.

Әбеновтің сөзінше, бұл жарыстарға бір адамдар тұрақты түрде қатысады және олардың жауапкершіліктен жалтарып кетуіне жол беріліп отыр.

«Бұл жарысқа бір адамдар ғана қайта-қайта қатысады. Демек, оларды ұстап, кейін пара алып босатып жібереді немесе Алматыда полицияны ешкім сыйламайды. Мұнда полицияның беделі жоқ. Полиция тек қарапайым адамдарға ғана ықпал ете алатын органға айналған. Нақты ешқандай шара қабылданып жатқан жоқ», – деді депутат.

Сондай-ақ ол ірі жол-көлік оқиғасына қатысты күдіктінің әлі күнге дейін қамауға алынбағанын атап өтті.

«Қаза тапқандардың ата-анасы бұл күдіктіні де полиция босатып жібере ме деп алаңдап отыр. Себебі ол әлі күнге дейін қамауға алынбаған. Қазір ол белгісіз жерде жатыр. Бәлкім, оны жауапкершіліктен алып шығудың жолын іздеп жатқан болуы мүмкін. Неге әлі күнге дейін оған қатысты қамауға алу шарасы қолданылмаған?» – деді Мұрат Әбенов.

Депутат құзырлы органдарды заңсыз жарыстарды тоқтатып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нақты әрі қатаң шаралар қабылдауға шақырды.

21 наурыз түнде Алматыда Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан үш адам қаза тапқан.