«АҚШ әкімшілігімен ешқандай келісім жасалмайды» деп мәлімдеді Иран армиясының Орталық штабы өкілі. Бұған дейін Вашингтонның Тегеранға бейбіт келісім жоспарын ұсынғаны туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Иран әскери басшылығы АҚШ пен Израиль жүргізіп жатқан әскери операцияны тоқтатуға бағытталған ықтимал келіссөздер туралы хабарларды жоққа шығарды.
«Өздеріңіздің ішкі қайшылықтарыңыз сондай деңгейге жетті, енді өздеріңізбен өздеріңіз келіссөз жүргізіп отырсыздар», — деп мәлімдеді 25 наурызда Иран қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабы өкілі. Бұл штаб соғыс жағдайында Иран армиясының жедел басқаруын жүзеге асырады.
Оның айтуынша, АҚШ енді аймаққа инвестиция сала алмайды, ал энергоресурстар мен мұнай бағасы бұрынғыдай болмайды. Штаб өкілі АҚШ-ты Иран қарулы күштері өңірдегі тұрақтылықтың кепілі екенін мойындауға шақырды. Сондай-ақ ол АҚШ әкімшілігімен ешқандай келісім «қазір де, болашақта да» жасалмайтынын айтты.
15 тармақтан тұратын келісім
Бұған дейін The New York Times газеті Вашингтон Тегеранға 15 тармақтан тұратын бейбіт келісім жоспарын жолдағаны туралы жазған. Құжат Иран билігіне Пәкістан арқылы берілген.
Израильдың N12 телеарнасы ұсынылған құжатта Иранның жоғары деңгейде байытылған уран қорынан бас тартып, оны халықаралық атом энергиясы агенттігіне беру жөнінде талап барын хабарлаған.
Ал АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Дональд Трампқа Иран билігі бейбіт келісімнің кейбір тармақтарымен келіскенін жеткізген. Оның ішінде байытылған уран қорын беру мәселесі де бар деп жазды Американың Axios басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап.
Тегеранның талабы
The Wall Street Journal басылымы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, АҚШ-пен ықтимал келіссөздер алдында Тегеран қойған жаңа талаптар туралы жазды. Олардың ішінде Парсы шығанағы елдеріндегі барлық америкалық базаларды жабу, АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларына өтемақы төлеу және Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден Иранның төлем алуы сияқты талаптар бар.
Сонымен қатар, Иран санкцияларды алып тастауды, өз ядролық бағдарламасын толық көлемде сақтауды, соғыстың қайта жалғасуын болдырмайтын кепілдіктер беруді және Ливанның радикалды «Хезболла» тобына қарсы соққыларды тоқтатуды талап еткен деп жазады басылым.