"Сот шығынын төлеуге ақшам жетпейді": Нью-Йоркта Мадуроның соты өтіп жатыр

Ulysmedia
Фото: AFP

Нью-Йорктың федералдық сотында Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуроның соты жалғасып жатыр. Екінші рет өткен сот тыңдауында Мадуро мен оның әйелі Силия Флорес сот шығындарын төлеуге ақшалары жетпейтінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

26 наурызда Нью-Йорк қаласының федералдық сотында атышулы Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске қатысты сот процесінің екінші отырысы өтті.

Мадуро өзіне тағылған «есірткі терроризмі» бойынша тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарды. Ол өзін «соғыс тұтқынымын» деп атап, айыптың ешқайсысын мойындамайтынын айтты.

Николас Мадуро мен Силия Флорес сот шығындарын төлеуге қаражат жоғын айтқан. АҚШ санкциялары Венесуэла үкіметіне шығындарды төлеуге мүмкіндік бермейді. Прокурорлар Венесуэла байлығын «тонаған» Мадуро мен Флорес мемлекет қаржысын пайдаланбауы тиіс деген.

Сот тыңдауы алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуроға қарсы «тағы да істер қозғалады» деп мәлімдеген. Бірақ нақты қандай істер екенін айтпаған.

Николас Мадуро мен Силия Флорес қаңтардың басынан бері Бруклиндегі Metropolitan Detention Centre федералдық түрмесінде отыр. Мәліметтерге қарағанда, Мадуро камерада жалғыз өзі отыр.

Контекст

3 қаңтарда АҚШ арнайы жасағы Николас Мадуро мен Силия Флоресті Каракастағы үйінен ұстап әкеткен. Операция кезінде әскери ұшақтар мен әскери-теңіз күштерінің қолдауына сүйенген АҚШ Венесуэла астанасына әуеден соққы жасаған. Венесуэла билігі шабуыл салдарынан кемінде 100 адам қаза тауып, 112-ден астамы жараланған деп мәлімдеген. АҚШ әскери қызметкерлері арасында шығын болмаған.

Мұнай қоры бойынша әлемде алдыңғы орында тұрған, экономикасы күйреген Венесуэланы қазір 2018 жылдан бері Мадуроның вице-президенті болған Делси Родригес басқарып отыр.