Қазақ қызы Гарвард университетіне оқуға түсті

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Бөрте Сайранбекқызы дүниежүзіндегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – Harvard University-ге оқуға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

ЖҮЙЕЛІ АКАДЕМИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ

Бөрте 6-сыныптан бастап Республикалық физика-математика мектебінде оқыған. Ол оқып жүргенде Advanced Placement (AP) бағдарламасына белсенді қатысып, 10-сыныпта жеті AP емтиханынан өтіп, AP International Diploma алған. Оқушы үш тілде білім алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, оған қоса, қытай тілін де үйреніп жүр.

SAT, IELTS, CAE, HSK сияқты халықаралық емтихандарда да жоғары нәтиже көрсеткен. Бөрте оқуымен қатар ғылыми жобаларға да қатысып, әлеуметтік және шығармашылық бастамаларда да белсенді болған. Оның айтуынша, ол Гарвардқа жүйелі дайындық, жоғары мотивация және сапалы білімнің нәтижесінде түскен.

АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН МЕКТЕП

Республикалық физика-математика мектебі еліміздегі ең мықты оқу орындарының бірі болып есептеледі. Кәрім Мәсімов, Ерболат Досаев, Тимур Құлыбаев, Асқар Мамин және сол сияқты белгілі мемлекеттік қызметкерлер мен бизнес өкілдері сонда білім алған.

ӘЛЕМДЕГІ ЫҚПАЛЫ БАР УНИВЕРСИТЕТ

Harvard University 1636 жылы құрылған және АҚШ-тағы ең көне университет саналады. Ол Ivy League – елдің сегіз беделді университетін біріктіретін бірлестікке кіреді. Гарвард әлемдік рейтингтерде тұрақты түрде жоғарғы орындарды иеленіп келеді, ал оның түлектері арасында АҚШ президенттері, Нобель лауреаттары, ғалымдар және ірі халықаралық компаниялардың жетекшілері бар.

Еске салайық, бұған дейін Гарвард университетінің түлегі, саясаттанушы, АҚШ пен халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Талғат Қабдығали Ulysmedia.kz-ке эксклюзив сұқбат беріп, еліміздің болашағы, жаңа идеологияның маңызы және ана тіліміздің рөлі жөнінде ой қозғаған еді.

Сондай-ақ Гарвард университетінің қазақстандық түлегі Әсел Амангелді беделді оқу орнында сабақ беретінін жазғанбыз.