Астанада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мен қазақстандық азамат Виталий Шевченко арасындағы дауға қатысты сот шешімі шықты. Іс Шевченконың Facebook парақшасында депутаттың жазған пікіріне байланысты туындаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
СОТ МАТЕРИАЛДАРЫ
Сот материалдарына сәйкес, Виталий Шевченко депутат Еділ Жаңбыршинге қарсы талап-арыз беріп, жауапкер таратқан мәліметтерді өзін қорлайтын әрі ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат деп тануды сұраған. Сондай-ақ, ол Жаңбыршинді өз парақшасында жария түрде кешірім сұрауға міндеттеуді талап еткен.
СОТ ШЕШІМІ
Алайда сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 223–226-баптарын басшылыққа алып, талапты қанағаттандырудан бас тартты.
Сонымен қатар, сот шешімімен Виталий Шевченкодан Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтының пайдасына сараптама жүргізуге кеткен 131 403 теңге өндірілді. Бұл мекеме – Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамалары орталығының филиалы.
ДАУДЫҢ БАСЫ
Еске салайық, дауға Facebook әлеуметтік желісінде «ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы» заңды талқылау кезінде туындаған ашық жанжал себеп болған еді.
Сот материалдарына сәйкес, сөз таласы жаңа заңға қатысты жарияланымдардың астындағы пікірлерде өрбіген. Шевченко депутаттың ұстанымын сынға алып, өзі бастан өткерген кемсітушілік пен мектептегі буллинг туралы жазған. Ал жауап ретінде, талапкердің айтуынша, Жаңбыршин кемсітетін әрі қорлайтын сөздер қолданған.
ДЕПУТАТТЫҢ ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРІ
Атап айтқанда, депутат былай деп жазған:
— Мұнда қоразданудың қажеті жоқ. Қалай өмір сүргің келсе, солай өмір сүр, бірақ оны насихаттап, қоғамға тықпалаудың керегі жоқ. Тыныш әрі бейбіт өмір сүріңдер, ешкім тиіспейді. Ал адамзаттың мына масқарасын жұрттың алдына шығарып көрсетудің қажеті жоқ.
Шевченконың пайымдауынша, бұл сөздер саяси емес, жеке сипатқа ие, оның адамдық қадір-қасиетін қорлайды әрі кемсітушілікті ақтаумен тең.