Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Шанақ ауылдық округінің аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген Грейг қызғалдағы гүлдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БҰЛ ҚАНДАЙ ГҮЛ?
Табиғатты ерекше ажарландырған бұл әсем гүл еліміздің негізінен оңтүстік өңірлерінде ғана өсетін бірегей өсімдіктердің бірі. Биіктігі шамамен 10-15 сантиметр аралығында болатын қызғалдақтар топталып өсіп, кең алқапты қызыл түске бояп, көздің жауын алатын табиғи кілемге айналады.
Жапырақтарындағы ерекше өрнегімен, қанық қызыл түсімен дараланатын бұл гүл – табиғаттың қайталанбас туындысы. Жұпар иісі аңқып, көрген жанға ерекше әсер сыйлайтын қызғалдақтар көктемнің шынайы символына айналған.
НЕГЕ “ГРЕЙГ” ДЕП АТАЛАДЫ?
Грейг қызғалдағы(Tulipa greigii) – Орталық Азияға тән эндемик өсімдік. Ол көбіне тау бөктерлері мен шөлейтті аймақтарда өседі. Өсімдік алғаш рет XIX ғасырда зерттеліп, атауы белгілі ботаник Самюэль Грейгтің құрметіне берілген. Ғылыми тұрғыдан құнды саналатын бұл түрдің жапырақтарындағы қара-қоңыр жолақты өрнектер мен ірі, ашық гүлдері оны басқа қызғалдақтардан ерекшелендіреді.
ЕРЕКШЕ ҚОРҒАУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ӨСІМДІК
Мұндай сирек кездесетін өсімдіктер ерекше қорғауды қажет етеді. Грейг қызғалдағы жойылып кету қаупі бар өсімдіктердің қатарында болғандықтан, оны жұлуға, таптауға немесе заңсыз жинауға қатаң тыйым салынған. Заң талаптарын орындамағандар жауапкершілікке тартылады.