Қазақстан халқының тұтынушылық несиелер бойынша қарызы 18 трлн теңгеге жуықтады. Қыркүйек айының өзінде берешек көлемі 100 млрд теңгеге жуық өскен. Бұл туралы Ұлттық банктің статистикасында айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ең көп қарыз тұтынушылық несиеге тиесілі
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халықтың тұтынушылық несиелер бойынша берешегі 17,74 трлн теңгеге жетті. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 17,64 трлн теңге болған.
Бұл – қыркүйек айында банктер берген несиелердің сомасы емес, қарыз алушылар әлі де өтеуге тиіс берешектің жалпы көлемі.
Жеке тұлғалардың банк секторындағы барлық қарызының шамамен үштен екісі тұтынушылық несиеге тиесілі. Жалпы, қазақстандықтардың банктер алдындағы берешегі 26,67 трлн теңгеге жетті. Бір айда бұл сома шамамен 200 млрд теңгеге артқан.
Ипотекалық қарыз да өсті
Тұрғын үй несиелері бойынша берешек те көбейіп келеді. Қазан айының басында ипотекалық несие портфелі 7,85 трлн теңгеге жетті. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 7,75 трлн теңге болған. Осылайша, қыркүйекте ипотекалық қарыз көлемі шамамен 100 млрд теңгеге өскен.
Салыстыру үшін, бизнестің банк секторы алдындағы берешегі – 19,77 трлн теңге. Бұл халықтың қарызынан шамамен 6,9 трлн теңгеге аз.
Бір айда кәсіпкерлер мен компанияларға берілген несиелер көлемі шамамен 120 млрд теңгеге артқан.
1 қазанда Қазақстанның банк секторындағы несие портфелінің жалпы көлемі 46,44 трлн теңгеге жетті. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 46,12 трлн теңге болған.