Алматыда өткізілген "Стоп – бұзушылық" жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы екі күнінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4 828 дерегі анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӨРЕСКЕЛ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
Полицейлер рейд барысында қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылғанын айтады.
ІІМ мәліметінше, екі күнде көлік құралын басқару құқығы жоқ азаматтардың көлік жүргізуінің 44 дерегі, сондай-ақ бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың қайтадан көлік басқарған 8 фактісі тіркелді. Сонымен қатар жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану бойынша 8 дерек және қарсы қозғалыс жолағына шығудың 15 фактісі анықталып, олардың жолы кесілді.
“Жүргізілген шаралар нәтижесінде 2 мыңнан астам автокөлік, оның ішінде шетелдік тіркеудегі көліктер де, арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Қала полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бұл ретте өңірлерден қосымша күштер тартылып, қаладағы негізгі магистральдарда сүзгілік бекеттер ұйымдастырылған”, – дейді полициядағылар.
ӘЛ-ФАРАБИ ДАҢҒЫЛЫНДАҒЫ ЖОЛ АПАТЫ
Еске салайық, 21 наурызға Алматының Әл-Фараби даңғылында жантүршіктірер жол апаты болды. 009JET мемлекеттік нөмірі бар Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, бетпе-бет келе жатқан Mercedes-пен соқтығысты. Салдарынан жеңіл көлікте отырған үш адам – 29 жастағы жүргізуші және екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Қыздардың бірі 22 жаста, екіншісі 20 жаста болған.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде, ел парламенті қабырғасында да қызу талқыланды. Марқұмдардың жақындары Zeekr жүргізушісін заңға сәйкес жазалауды, әділ және ашық сотты талап етуде.
Желіде тараған мәліметтерге сүйенсек, Zeekr көлігінің жүргізушісі – 32 жастағы кәсіпкер Александр Пак. Оның атына екі компания тіркелген: «ГУ ХОЗУ Алматы» және «Глобал Партнер» ЖШС. Пак екі ұйымның да құрылтайшысы ретінде көрсетілген.
«ГУ ХОЗУ Алматы» компаниясы 2025 жылы құрылған және бір жыл ішінде шамамен 500 мың теңге салық төлеген. Ал «Глобал Партнер» ЖШС-нің қаржы айналымы әлдеқайда жоғары – 2024 жылдың күзінен бері бюджетке 50 миллион теңгеден астам қаражат аударған.
Куәгерлердің айтуынша, апат болған түні Zeekr басқа көлікпен жарысқан болуы мүмкін. Бұл жайт іс бойынша маңызды мән-жай ретінде қарастырылуы тиіс.
Полиция аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.