Қысқарған іс, жылаған ана, зорланған қыз: Құқық қорғаушымен сұхбат

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Кейінгі жылдары Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы көп талқыланды. Зорлық-зомбылық көріп, әділдікке жете алмай жүргенін айтып, әлеуметтік желіде көмек сұраған адамдардың да қарасы аз емес. Құқық қорғаушылар Қазақстанда «барлық деңгейде фемицид барын» айтады. БҰҰ есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады. Ал елде әйелге қарсы зорлық-зомбылықтан соң қозғалған істердің 40 пайызы ғана сотқа жетеді.

Осыған байланысты бүгін Ulysmedia ұзақ жылдан бері әйел және бала құқығы мәселесімен айналысып келе жатқан құқық қорғаушы, HUMAN RIGHS LAWYERS қоғамдық қорының басшысы Ләззат Рақышевамен сөйлесті. 

TIK TOK-ТА СЕГІЗІНШІ РЕТ ПАРАҚША АШЫП ЖАТЫРМЫН

– Сіз әлеуметтік желіде адам құқығына қатысты түрлі мәселелерді көтересіз. Қанша жылдан бері неше түрлі кейстерді жариялайсыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Басында «Ләззат – тағдырымның бергенін қабылдаймын» атты кітабым шыққан. Онда мен 6 жасымда  зорланғанымды ашық айттым. Сол кезден бастап Facebook-та да жаза бастадым. Сол уақытта қаншама зорланған балалардан, әйелдерден хаттар келе бастады. Өтініштер түсе бастады. Менің сол Facebook парақшамды көп зорлық-зомбылық туралы жазбаларымнан кейін бұғаттап тастады. Одан кейін тағы да аштым. Қазіргі Facebook-та ашқан үшінші парақшам. Instagram-да 200 мыңға жуық оқырмандарым болған, оны да бұғаттап тастады. Мына ашылған парақшам екінші парақшам. Тik Tok-та сегізінші рет парақша ашып жатырмын.

Мен бұны неге айтып жатырмын, бұл жай ғана бұғаттау емес, үкімет тарапынан қолдамаушылық болды сол кезде. Өтірік айтпаймын. Себебі ең бірінші кітабым шыққанда мазақтап жазған сайттар да көп болған. Әдейі жаман фотомды шығарып қойып, «Мынау ауру, есі дұрыс емес әйел. Хайп қуған. Біздің елде мұндай зорлық-зомбылық жоқ. Бәрі өтірік. Қайдағы бала зорланған» деп жазды. Маған өте көп кибербуллинг болды. Бірақ соған қарамастан зорлық-зомбылық туралы жаза бердім. Кейіннен мені осы HUMAN RIGHS LAWYERS қоғамдық қорының басшысы болдым. Мені арнайы шақырды.

“ҰЯТ ЕМЕС ПЕ, ЕРТЕҢ ҚЫЗЫҢЫЗ КҮЙЕУГЕ ШЫҒАДЫ”...

– Қазір елдегі әйел және бала құқығының жағдайын қалай бағалайсыз?

– Cол уақыттан бері өзгеріс бар. Қаншама бала зорланып жатқаны туралы айта-айта бізді үкімет естіді. Тұрыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң өзгерді. Біз «менің туысым өлді» деп бірақ күнде шыққан жоқпыз. 2017 жылдан бері айтып келе жатырмыз, жазып келе жатырмыз. 14 жасқа дейінгі балаларды зорлаған педофилдерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қосылды. Сталкингке қатысты қатысты өзгерістер.

Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары бойынша айта кетсем, ол әлі де өзекті мәселе болып тұр. Зорлық-зомбылық көрген балалар да көп, әйелдер де көп, ұлдар да көп. Сонымен қатар, қылмыстық істердің негізсіз тоқтауы өте көп. Бес-алты рет қысқарған. Тіпті он жыл бұрын қысқарған істі былтыр біз жеңіп шықтық. Қайтадан көтердік Жамбыл облысында. Дәлел бәрі бар зорланған. Куә бәрі бар. Бірақ істі қысқартып тастаған. Жәбірленушілердің құқықтарын күшейту қажет деп санаймын.

Бізде жемқорлық өте басым оны барлығы біледі. Оны жасыратын ешнәрсесі жоқ. Себебі педофилдар болсын, агрессорлар болсын зорлық-зомбылық жасаған соң дүниелерін сатып, үйлерін сатып жатады. Ол қаражаттың барлығын кімге береді? Белгілі оны кімге беретіні. Мысалы, Атырауда алты рет іс қысқартылды. Туған әкесі екі баласын зорлаған. Дәлел бар, сараптама бар. Әлі күнге дейін іс қысқартылып жатыр. Неге? Өйткені жаңағы еркектің туысы судья.

Содан кейін бізде қазақы менталитетімізде көп жағдайда ұят, елдер не дейді дейтіндер бар. Мысалы, көп жәбірленушілер «Полицияға барсаң ұялмайсың ба? Таяқ жесең де балаларды ойламайсың ба, отбасын сақтап қалмайсың ба? Туысқандарың не дейді? Ертең балаларың үйленбей ме?» деп қысым жасайды дейді. Осы тақауда Шымкентте мектепте 6 жасар қызды 15 жастағы бала бір қуысқа алып барып, қорлап тастады. Сонда мектептің психологы не деп айтқан? «Ұят емес пе, ертең қызыңыз күйеуге шығады. Қайтесіз шулатып деген. Бізде, қоғамда баяғы ұят, зорлық-зомбылықты норма қылып санап қойған әйелдер, басшылар, мектеп психологтары, мұғалімдер де бар.

– Қазір адамдар мәселесін полицияға немесе қандай да бір ресми органға емес, әлеуметтік желіге айтып, көмек сұрауды әдетке айналдырды. Қоғамдық резонанссыз мәселемді шешу мүмкін емес дейді. Бұл ненің көрінісі? Құзырлы органдарға халық сенбей ме?

– Иә, сіздің айтқаныңыз дұрыс! Адамдар көбінесе әлеуметтік желіге, қоғамдық ұйымдарға, түрлі үкіметтік емес ұйымдарға жүгінеді. Видеоларын салады, бұл мәселені қоғамның назарын аудару арқылы шешуге болатын жағдайларға жиі кездеседі. Себебі резонанс болмаса, кейбір жағдайларда құзырлы орган мүлде қозғалмайды. Жаңа басында айттым ғой, іс қысқарған жағдайларды. Мен қаншама жәбірленушілермен сөйлесіп жүрмін ғой, ешкім жүгіріп барып, сол жағдай болған күні видеоға шығып, бүкіл халыққа жарияламайды. Қай кезде жариялайды? Құзырлы орган өз міндетін атқармаған кезде. Жаңағы өтініш, арызды қабылдамаған кезде. Істердің барлығын қысқартып тастаған кезде. Сол кезде ғана халық ашуланып, жаза бастайды. Құзырлы органдар өз міндетін атқарған кезде бұндай мәселе болмас еді. Сосын халық оларға сенбейді. Әйтпесе кім өзінің отбасындағы жағдайды, баласының зорланғанын жариялағысы келеді. Ешкім жариялағысы келмейді. «Ұят болады. Туыстарым көреді» деп айтады басында. Кейін бәріне нүкте қояды да, біз сияқты қоғамдық қорларға шығады, журналистерге хабарлайды, өздері видеоны салып жібереді. Әділдікке жету үшін амал жоқ.

ОҢТҮСТІКТЕ ДӨКЕЙЛЕРДІҢ БАЛАЛАРЫ ҚҰТЫЛЫП КЕТЕДІ

– Зорлық-зомбылыққа қатысты қандай да бір статистика жасайсыздар ма? Ел бойынша қазір жағдай қалай?  

– Айтсаң тағы да ренжиді. Мысалы, біздің орталықтың анализі бойынша, Алматы облысынан өтініш көп түседі. Оңтүстіктен, Шымкент, Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Атыраудан, жан-жақтан өте көп түседі. Бестіктің ішінде осылар тұр. Келген арыздарға қарасақ. Сосын әлеуметтік желідегі ақпараттардан қарасаңыз, айтып жатады Алматы облысы, Шымкентте болды деп. Нұрайдың өлімі. Түркістанда бала зорланыпты деген сияқты. Қарап отырсыңыз, осы оңтүстіктен көп шығады өкінішке орай.

Сосын, осы оңтүстікте өте көп іс қысқартылады. Мысалы айтып кетсек, боди-массаж ісі. 18 жастағы қыз білмейді боди-массаждың не екенін. Барғанда сол жерде зорланған. Істі қаншама рет қысқартқан. Міне биыл ғана сотқа кетіп жатыр. Қаншама комиссия құрылды. Қаншама рет ол көтерілді. Кеше ғана Шымкенттен бір ана жылап звондады. 16 жастағы қызды мектептегі 17 жастағы бала зорлаған. Істі қысқартып тастаған. Ол баланың әке-шешелері дөкейлер екен Шымкенттегі. Балаға Шымкентте пәтер алып беріп қойған. Соған барып, қыздың коласына бір нәрсе құйған да, зорлап тастаған. Ол жерде дәлелдер бар. Киімі жыртылғаны бар. Іш киімі жыртылғаны бар. Бетінің тырналғаны бар. Аяғының көгергені бар. Соған қарамастан қыздың өзі барған дейді. Сонда оңтүстікте дөкейлердің балалары жауапкершіліктен құтылып кетіп жатады. Ол бәріне белгілі. Ақшасы барлар құтылып кетеді. Ақшасы жоқтардың адвокат жалдауға шамалары жоқ.

ҚАЗАҚТІЛДІ ҚҰҚЫҚЫҚОРҒАУШЫЛАРДЫ ЕШКІМ ҚОЛДАМАЙДЫ

– Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдер мен балаларға қаншалықты көмек көрсетіліп жатыр. Үкімет тарапынан қандай да бір қолдау бар ма?

– Қазір мемлекетте өте көп қолдау болып жатыр. Қаншама орталықтар ашылды. Мен нақты санын білмеймін. Бірақ былтыр 134 отбасын қолдау орталықтары ашылған болатын. Тегін заңгерлік көмек көрсетіледі. Психологиялық көмек көрсетіледі. Қаншама дағдарыс орталығы ашылған. Қазір мысалы зорлық-зомбылық көрген әйелдер баламен далада қалмайды. Алты айға дейін орталықтарға барады. Бірақ өкінішке орай, сол орталықтардың бар екенін халық біле қоймайды. Жаңағы 134 отбасын қолдау орталығы бар екенін де білмейді халық. Ақпараттандыру көп болу керек. Сонда баратын жері болған соң өз құқықтарын қорғайды. Кейбір әйелдер баратын жері болмаған соң таяғын жеп, сол жерде абюзермен бірге тұра береді 15 жылдап, 20 жылдап. Ондай келіп жатқан хаттар да көп, өтініштер де көп.

Осыдан тоғыз жыл бұрын бұндай орталықтар болмаған. Мемлекет тарапынан көп жұмыстар жасалып жатыр. Бірақ төмендегі құзырлы органдар әркім өз міндетін дұрыстап жасаса, бұл зорлық-зомбылықты баяғыда тоқтатуға болатын еді.

– Қазіргі жағдайда Қазақстанда құқық қорғаушы болу қаншалықты қиын? Кейінгі жылдары жұмыс істер аясы тарылып кеткен жоқ па?

– Қазақстанда құқық қорғаушы болып істеу өте қиын. Мен басында айтып кеттім ғой өз басымнан өткенді. Әлі күнге дейін неше түрлі жазады. Зорлық-зомбылыққа қатысты заңдардың барлығының өзгерістеріне біздің қоғамдық қордың үлкен үлесі бар. Бірақ оны ешкім ескермейді. Бізде қазақ тілді құқық қорғаушыларды нақты ешкім қолдамайды. Орыс тілінде сөйлесең бірден қолдап кетеді. Мен әдейі Instagram-да қазақша жазсам да, Threads-те орысша жазамын. Ол жерде орысша жазсаң бірден қолдап кетеді. Сосын, көбінесе бұл тақырыпты жақтыртпайды адамдар. «Айта береді екен, осы біреу Рақышева деген бәле болды. Педофилдер туралы жазады. Олар жоқ бізде. Қазақтарға жасалып жатқан сын» деп, «Шетелге сатылған, Америка бұларға ақша береді» дейді. Бірақ бәрібір жұмысымызды атқарып жатырмыз.

– Cұхбатыңызға рахмет!