Молдова ТМД құрамынан шықты

Ulysmedia
фото: ria.ru

Молдова парламенті елдің Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) құрамынан шығуы туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

60 ДЕПУТАТ ҚОЛДАҒАН ШЕШІМ

Ел парламентінің 2 сәуірдегі жалпы отырысында ТМД құрамынан шығу туралы заң қабылданды. Органның ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, шешімді 101 депутаттың 60-ы қолдаған.

Құжатқа ел президенті Майя Санду қол қоюы тиіс. Ол осы ұйымнан шығуды жақтаушылардың бірі болғандықтан, түпкілікті шешім қабылдауда ешқандай қиындық тумайды дейді сарапшылар.

ҰЙЫМНАН НЕГЕ ШЫҚТЫ?

Кишинев ТМД мемлекет аумағының тұтастығы, шекарасының мызғымастығы сияқты басты құндылықтарды сақтаудан қалды деп есептейді.

Ел парламенті қабылдаған құжатта Ресейдің Украинаға қарсы әскери агрессиясы осы құндылықтарды өрескел бұзғаны айтылған. Заң түсіндірмессінде ТМД Ресейдің саяси ықпалының құралына айналғаны, Мәскеу оны бұрынғы совет республикаларына қысым жасау үшін пайдаланып отырғаны айтылған.

Молдованың еуроинтеграцияға ұмтылуы да елді ТМД құрамынан шығуға итермелеген факторлардың бірі. 

ҮШ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРҒАН ҰЙЫМ

ТМД 1991 жылғы 8 желтоқсанда Ресей, Украина және Беларусь бастамашылығымен құрылған. Ал 21 желтоқсанда Алматы декларациясы қабылданып, ТМД құрамына тағы сегіз ел кірген. Грузия оған 1993 жылы қабылданып, 2009 жылы шықты. Балтық елдері – Литва, Латвия және Эстония ұйымға кіруден бірден бас тартқан.

Молдованың шешімінен соң ТМД құрамында сегіз ел қалып отыр. Олар: Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан. Сарапшылар Арменияның да ұйымнан шығуы мүмкін екенін айтып жүр. Өйткені бұл ел ТМД-ның кейбір құрылымдарына қатысуға енжарлық танытып жүр.