Гвардейск гарнизонында сарбаздың қаза табуына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РОТА КОМАНДИРІНІҢ САЛҒЫРТТЫҒЫ
Бас әскери прокуратура мәліметінше, биыл 27 қаңтар күні сарбаз Е. Рүстемұлының қаза болу себептерінің бірі болған Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлім рота командирінің қызметке салғырт қарауы бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталды.
«Тергеумен лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын бақыламағаны, сонымен қатар қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды. Қысқа мерзім ішінде қажетті дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданды. Сарбаздың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында», – делінген хабарламада.
ҚАҢТАРДАҢЫ ТӨРТ ӨЛІМ
Еске салайық, Жамбыл облысында 27 қаңтар күні қару ұстап жүрген сарбаздың жарақат алып көз жұмғаны хабарланды. Ол – сол айда ел бойынша мерт болған төртінші сарбаз.
7 қаңтарда Шымкентте ҚР Ұлттық ұланының 6506-әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан 21 жасар сарбаздың жүрегі тоқтап қалды. Ресми түсініктеме бойынша өлімнің себебі - жедел лейкоз.
14 қаңтарда Ақтау горнизонында келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты әскери полигоннан бөлімшеге қайтып келе жатқан уақытында КамАЗ басып кетті. Ол оқиға орнында жан тапсырды.
Ал 23 қаңтарда Өскемен гарнизонының бір әскери бөлімінде сарбаз қарауылдық қызмет атқару кезінде өз қаруынан оқ атып, алған жарақаттан көз жұмғаны хабарланды.