Құрылтайға дайындық па, саяси ұпай жинау ма? Желіде депутаттар неге белсенді болып кетті?

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Парламент тарап, жаңа құрылтай сайлауының уақыты жақындаған тұста кейбір мәжіліс депутаттарының әлеуметтік желі мен БАҚ-та белсенділігі артты. Кейбірі мұны «алдағы сайлауда құрылтайға өтудің амалы», «қауіпсіз тақырыптарды көтеру арқылы халықтың алдында абырой жинау тәсілі» десе, енді бірі «депутаттардың қоғамда қызу талқыланған тақырыптарға үн қатқаны өте дұрыс қадам» дейді.

БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТҚАН «AMANAT» ДЕПУТАТТАРЫ

Кейінгі уақыттары әлеуметтік желіде мәжіліс депутаттарының қоғамда қызу талқыланған мәселелерге үн қатуы жиіледі. Депутаттар талқылаған тақырыптар арасында журналистің ұсталуы, жол апатынан бастап, пәтерді жекешелендіруге дейінгі мәселелер бар. Мысалы, «Amanat» партиясының депутаты Нұртай Сабильянов Facebook желісінде оқырманы өте көп журналист Сәуле Әбілдаханқызының пәтерін жекешелендіре алмай жүргенін айтқан жазбасына жауап қатып, өзінің осы уақытқа дейін арнайы заң қабылдауға жұмыс істегенін жазды.

«Мемлекеттен жалға алған тұрғын үйді жекешелендіру мәселесінде қиындық туындамауы тиіс. Себебі сатып алу құқығынсыз жалға берілген барлық үйлер мен пәтерлерді жекешелендіру туралы мен ұсынған түзетулер заңда қолдау тауып, қабылданған болатын», – деп жазды депутат.

«Amanat» партиясының тағы бір депутаты Ерлан Саиров 21 наурызда Астана сотының шешімімен екі айға үйқамаққа алынған журналист Ботагөз Омарованы қолдап жазба жариялады. Журналистің үстінен «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша іс қозғалып, ол әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу талқыланған. Бір топ журналист Ботагөз Омарованы қолдап, үндеу де жасаған.

«Мен Ботагөз Омарованы өте мәдениетті, салиқалы журналист ретінде білемін. Ботагөз Омарова кәсіби журналист. Құқық қорғау органдары бұл мәселені қатаң заң талаптарына сай тергеуі қажет. Кәсіби журналистика еркіндігі презумпциясын ұмытпауымыз қажет», – деп жазды Ерлан Саиров.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов (ол да «Amanat» партиясының мүшесі) Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін, полиция жұмысын сынап, заңға өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Ол «айыппұл салудың әсері жоқ» деді.

Бірақ Мұрат Әбенов Алматыдағы жол апатына байланысты бірнеше видео жариялап, кейіннен «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша айып тағылып, қамауға алынған заңгер Әділетхан Молдаханның ұсталуын заңды деп атады.

«Менде заңсыз ұстады деген ақпарат жоқ. Заңды негізі бар»,– деді депутат.

Бұған дейін Мұрат Әбенов жол апатына байланысты видеолар жариялағанда заңгердің ақпаратына сүйенгенін айтқан. Бірақ кейіннен ол сөзін жоққа шығарды. Депутаттың Facebook-та 97 мың, Instagram парағында 150 мың оқырманы бар. 

«Ақпаратты жан-жақтан алдым. Ең бірінші қайтыс болған қыздың ағайын-туыстарынан алдым. Сол ақпарат негіз болды», – деді депутат журналистерге. 

«ҚҰРЫЛТАЙҒА ӨТУ ҮШІН ПОПУЛИСТ БОЛЫП ЖҮР»

Журналист Иван Стрижаков депутатты сынға алып, оның әрекетін «Құрылтайға өту үшін популист болып жүр» деп сынады. Оның сөзінше, депутаттың сөздері мен бастамалары бір-біріне қарама-қайшы.

«Біздің кейбір депутаттарымызға зейнетке кету керек немесе соған дайындалулары қажет. Бірақ олар отырған орындарынан айырылып қалудан қорқады. Сол үшін де популизммен айналысып жүр. Өздерінің саяси ұпайларын жинап жүр. Себебі жақында құрылтай болады. Өтпей қалуы да мүмкін ғой. Депутат Мұрат Әбенов – барлық жақсылық үшін және барлық жамандыққа қарсы. Ол құрылтайға өтпей қаламынба деп уайымдап, өзінің мақсатты аудиториясына не ұнайды, соны айтып жатыр», – деді журналист.

БІР МАНДАТТЫ ОКРУГТЕН САЙЛАНҒАН ДЕПУТАТ ҰСЫНЫСЫ

Әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу талқыланған тақырыптарды мәселе етіп көтеріп жатқан бір мандатты округтен сайланған депутаттар да бар. Солардың бірі – Ермұрат Бапи. Ол парламентте «псевдодіни авторитеттер» туралы мәселе қозғады. Оның үндеуіне журналист Жанар Байсеміздің You Tube арнасында «әйелімді шәкіртіме сыйға бердім» деп басы дауға қалған дін өкілі Құрбанәлі Ахметтің сұхбаты себеп болған.

«Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қаса-қана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту – бұл адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуы тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!», – деген депутат мәлімдемесінде. 

Ермұрат Бапи бұған дейін Ulysmedia-ға алдағы құрылтайға қандай да бір партияның атынан бару немесе бармау мәселесін әлі шешпегенін айтқан болатын. Жаңа Конституция бойынша, құрылтай (парламент) тек партиялық тізім бойынша жасақталады.

«Өзім бір ұстанымға келген жоқпын. Өйткені, елдегі партиялардың реконстукциялық жағдайына байланысты науқан басталған жоқ. Референдум өткен соң саяси партиялардың арасында жаңа сайлауға, Құрылтайға байланысты жұмыстар жүреді. Бір үлкен науқан болады деп ойлаймын. Сол кезде қандай партиялар пайда болатынын, қайсысы сайлауға түсетінін, қайсысы түспейтінін көреміз. Әлдебір партиялар біріге ме немесе партиялар арасында ұстанымына қатысты өзгерістер бола ма көреміз. «Асатпай жатып құлдық жоқ» деп қазақ айтпақшы, оны күте тұру керек», - деген депутат.

«БАСТАМА БАР, ЗАҢ ЖОҚ»

Саясаттанушы Дос Көшім депутаттардың қоғамда қызу талқыланған мәселелерге қатысты әлеуметтік желіде пікір білдіріп, бастама көтеріп жатқандары құптарлық жағдай дейді. Ол депутаттардың белсенділігін алдағы құрылтайға өту үшін жасалып жатқан қадам болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

«Алдағы құрылтайға қатысы бар шығар. Жаңағы көзге көріне беру мәселесі. Менің ойымша, бұл қазіргі замандағы бағыт. Әлеуметтік желіде өзінің пікірін айту барлығына жайылып кетті. Бұл жақсы дерт пе, жаман дерт пе білмеймін. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе, мен бұны қолдаймын. Себебі депутаттар өздерінің пікірін айтудан қашатын баяғы кездерде. Кез келген әлеуметтік желі қолданушысының мәселесіне, сұрақтарына өздерінің пікірін айту әжептәуір жақсы қадам. Бірақ депутаттардың екінші мәселесі бар. Оларда бізде жоқ құқық бар. Ол – заң шығару. Олар жаңағы айтып жатқан мәселе, көрсетіліп жатқан проблемаға байланысты заң дайындап шығарғанын көрген жоқпын», – дейді ол.

«ҚОЖАНЫҢ ДА ҚОЖАСЫ БАР»

Дос Көшімнің сөзінше, депутаттар көп жағдайда саяси қауіпсіз тақырыптарға пікір білдіреді.

«Қожаның да қожасы бар дейді ғой. Олардың да үстінен қарап отырған адамдар бар. Фракция бар. Ертең келесі құрылтайға өтемін бе, өтпеймін бе, біреудің алдында жауап беру сияқты, әліптің артын бағы деген бәрінде бар. Жалпы билікте, мейлі ол заң шығарушы билік болсын, атқарушы билік болсын өзінен жоғары тұрған басшылардың көзқарасынан, бағыттарынан қорқу-үрку, соған ыңғайлану міндетті түрде бар», – дейді саясаттанушы.