«Халал PRO MAХ»: Алагөзова көп әйел алуды дәріптеген блогерге шүйлікті

Анар Лепесова
Ulysmedia.kz коллажы

Белгілі продюсер Баян Алагөзова желіде көп әйел алуды насихаттаған блогер Диас Ахметовті жазалауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ХАЛАЛ» МЕН «ХАРАМ»

Баян Мақсатқызы блогер, кәсіпкер Диас Ахметовтің желідегі видеосына шүйлікті. Instagram-да 3 миллионға жуық қаралым жинаған видеода блогер ер мен ердің, әйел мен әйелдің одағын «харам» деп, ал ер мен екі немесе одан да көп әйелдің некесін «халал» деп көрсеткен.

«Мына адамды көп әйел алуды насихаттағаны үшін жауапкершілікке тартуды сұраймын. Бұл ҚР Конституциясына қайшы», – деп жазды продюсер.

Алагөзова ғана емес, желі қолданушыларының көпшілігі блогердің әрекетіне наразылық білдірген.

«Бәрің жабылып шағым түсіріңдер, мына масқараны өшірсін», «Сіздің қызыңыз халал про немесе халал про макс болса көрер едім»,  «Сұмдық, осындайларды соттау керек» дейді желі қолданушылары.

ПРОДЮСЕРДІ МҰҚАТУ

Желідегі сыннан кейін Диас Ахметов қатесін мойындаудың орнына Баян Алагөзованы мұқатты.

«Маған Баян Алагөзова ренжіп қалыпты. Көп әйел алуды насихатттады, жауапқа тарту керек дейді. Мен көп әйел алу туралы ештеңе айтқан жоқпын. Тек «халал» мен «харам» туралы айттым. Үйлену туралы сөз. Баянжан, жасың келгенін түсінем, ақпаратты дұрыс қабылдай алмайтын жағдайлар болып тұрады. Не істейсің енді?», – деді ол продюсерді.

ӘЙЕЛІН «СЫЙҒА ТАРТҚАН» ИМАМ

Айта кетейік, бұдан бұрын журналист Жанар Байсеміздің ислам дінінің өкілі Құрбанәлі Ахметтен алған сұхбаты әлеуметтік желіде дау туғызған. Сұхбатта спикер екінші әйелін қайын атасы «сыйға» бергенін, отбасылық жанжалдан кейін онымен ажырасып, өзінің шәкіртіне үйлендіргенін айтады. Желі қолданушыларының бірі мұны «әйел құқығын таптау, оған тауар есебінде қарау» десе, енді бірі осындай пікір айтуға мінбер ұсынып отырған журналисті сынады. Қоғамдағы резонанстан кейін дін өкілі де, журналист те жауапкершілікке тартылды.

Осы оқиғадан кейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жұмысын қайта қарау қажет екенін мәлімдеді.