Мұғалімдердің біліктілік тесті: кім тапсырады, үстемақы қалай төленеді?

Ulysmedia
фото: ЖИ

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова педагогтар арасында қызу талқыланып жатқан біліктілік тестін алып тастауға қатысты жаңа мәлімдеме жасады. Министр бұл шешімнің уақытша емес екенін нақты айтты, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz. 

Әлеуметтік желідегі ұстаздардың пікірін мұқият бақылап отырған министр реформаның қоғамның көңілін аулауға емес, мұғалімдердің жүктемесін жеңілдетуге бағытталған жүйелі қадам екеніне сендірді.

Кешелі бері «Педагогикалық біліктілік тестін тапсырмау» туралы жаңалықты талқылап жатырсыздар. Мен ол жаңалыққа жазылған барлық пікірлерді уақытым бар кезде мейлінше зерделедім. Бірнеше сұрақтар бар. Сол сұрақтарға өзім жауап жолдаймын деп шештім,– деді министр.

ТЕСТІ КІМ ТАПСЫРАДЫ?

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл уақытша тоқтату емес. Енді, кәдімгідей педагогикалық қоғамдастықта жұмыс істеп жүрген ұстаздар пәндік біліктілік тестін тапсырмайды.

Бұл тестті алып тастадық. Бірақ тестті кім тапсырады? Педагогикалық қоғамдастыққа, яғни педагогикалық мамандыққа ең алғаш қадам басып жатқан университет түлектері тапсырады. Өйткені, олар мамандыққа енді ғана келді. Олардың білім деңгейін білуіміз қажет. Сондықтан, университет түлектері педагогтің біліктілік тестін тапсырады. Осы жас мамандар екі жылдан кейін педагог-модератор біліктілік деңгейіне қадам басқан кезде педагогикалық біліктілік тестін тапсырады. Қалған ұстаздар,  категорияға, аттестацияға біліктілік тестін тапсырмайды. Тесттің аттестацияға байланысы болмайды,– деді Сүлейменова.

ШЕКТІ БАЛЛ ЖИНАҒАНДАР ҮСТЕМАҚЫ АЛАДЫ

Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бұған дейін шекті балл жинаған 51 мың педагог бар. Олар портфолиосын жинап, шекті балдан асқан сертификатымен өз кезеңі бойынша бүгінгі таңда көрсетіліп тұрған аттестациядағы кезеңдерді тапсырады. Қыркүйектен бастап өткендері қосымша үстеме ақыларын алады.

Портфолио жинақтау енді электронды түрде болады. Жалпы, қағаз жинақтап, әркімнен қол жинап жүрмейсіз. Ustaz платформасын жаңартып жатырмыз. Алдағы уақытта қосымша ақпарат беретін боламыз,– деді Сүлейменова.

Оның айтуынша, авторлық бағдарламалар да тоқтатылды. Енді оны жазудың, ұсынудың қажеті жоқ. 

Еске сала кетейік, біз бұған дейін министрдің мұғалімдер білімін бағалау емтиханы тоқтатылғанын «сүйіншілеп»  видео үндеу жариялағанын жазғанбыз. Бірақ бұл жаңалыққа ұстаздардың барлығы бірдей қуанған жоқ.