Әскердегі агрессия: шенеуніктер тыя алмағанды ЖИ тоқтата ала ма

Ulysmedia
коллаж: ЖИ/Ulysmedia.kz

ІМ Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне жасанды интеллект жүйесін енгізе бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЭМОЦИЯНЫ БАҚЫЛАЙТЫН ЖҮЙЕ

Министрлік мәліметінше, пилоттық жүйе Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде сынақтан өтіп жатыр. Жүйе қолданыстағы камераларға қосылып, бейнеағынды тәулік бойы үздіксіз талдайды.

Ол сарбаздардың күнделікті жүріс-тұрысын, мінез-құлқын және эмоциялық жағдайын саралаумен ерекшеленетіні айтылды.

«Яғни, жүйе тек бейнені тіркеп қана қоймай, сарбаз бойындағы өзгерістерді де анықтап, мінез-құлықтағы күмәнді белгілерге талдау жасайды. Егер сарбаздардың әрекетінен агрессия байқалса, жасанды интеллектке негізделген жүйе бөлім командирлеріне, тәрбиешілер мен психологтарға мессенджер арқылы сигнал жібереді. Бұл дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық ұланның ресми өкілі Әлібек Абдилов.

Бейнематериалдар арнайы платформада сақталмақ. Егер жүйе тиімділігін дәлелдесе, оны басқа әскери бөлімдерге де енгізу жоспарланып отыр.

ҚАҢТАРДАҒЫ ТӨРТ ӨЛІМ

Соңғы жылдары әскери бөлімдерде сарбаздар өлімі жиіледі. Биыл қаңтар айының өзінде төрт сарбаз көз жұмды.

7 қаңтарда Шымкентте ҚР Ұлттық ұланының 6506-әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жатқан 21 жасар сарбаздың жүрегі тоқтап қалды. Ресми түсініктеме бойынша өлімнің себебі - жедел лейкоз.

14 қаңтарда Ақтау горнизонында келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты әскери полигоннан бөлімшеге қайтып келе жатқан уақытында КамАЗ басып кетті. Ол оқиға орнында жан тапсырды.

Ал 23 қаңтарда Өскемен гарнизонының бір әскери бөлімінде сарбаз қарауылдық қызмет атқару кезінде өз қаруынан оқ атып, алған жарақаттан көз жұмғаны хабарланды.

Сондай-ақ, 27 қаңтар күні Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында тағы бір сарбаз қаза тапты.