АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Джеффри Эпштейнмен ешқандай байланысы болмағанын мәлімдеп, өзін оның құрбандары қатарына жатқызудан бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТРАМППЕН ТАНЫСТЫРҒАН ЭПШТЕЙН БЕ?
Reuters-тің жазуынша, ол желіде тараған «Эпштейн мені Трамппен таныстырды» деген ақпаратты да жоққа шығарды. Айтуынша, ол болашақ күйеуімен 1998 жылы Нью-Йорктегі кештердің бірінде танысқан. Ал Эпштейнмен алғаш рет 2000 жылы Трамппен бірге барған шарада ғана жолыққан.
Мелания Трамп сондай-ақ Конгресті Эпштейн ісіндегі жәбірленушілердің антпен куәлік беруі үшін ашық тыңдаулар өткізуге шақырды. Бұл бастама президент жылы жапқысы келген тақырыптың қайтадан қоғам назарында қалуына түрткі болуы мүмкін.
«Мені масқара аты шыққан Джеффри Эпштейнмен байланыстыратын жалған ақпарат бүгін тоқтауы тиіс. Мен Эпштейннің құрбаны емеспін», – деп қосты бірінші ханым.
ДАУДЫ КҮШЕЙТКЕН МӘЛІМДЕМЕ
Ақ үйдегі бұл үндеу Эпштейн ісіне қатысты дауды қайта күшейтті.
Өткен аптада президент бас прокурор Пэм Бондиді қызметінен босатқан еді. Оған Эпштейнге қатысты миллиондаған құжаттарды жариялау процесінің баяулығы үшін Трамп жақтастары наразы болған.
Бұрын Эпштейнмен таныс болғанын мойындаған Дональд Трамп 2000-жылдардың басында онымен байланысын үзгенін айтқан. Дегенмен, үкімет жариялаған құжаттарда оның аты түрлі танымал тұлғалармен қатар аталады.
Мелания Трамп неге дәл қазір мәлімдеме жасағанын нақты түсіндірмеді. Соңғы уақытта АҚШ-тың Израильмен бірге Иранға қарсы соғысы аясында бұл тақырып медиада бәсеңдеген еді. Алайда оның кеңесшісі Марк Бекман «жалған ақпаратқа тоқтау салатын уақыт жетті» деп мәлімдеді.
БАТЫЛ ҚАДАМ
Сарапшылардың пікірінше, бірінші ханымның мұндай форматта халыққа үн қатуы – сирек құбылыс. Майкл ЛаРоса мұны «батыл шешім» деп бағалады.
Оның айтуынша, қазіргі заманда бірінші ханымдар мұндай даулы мәселелерге Ақ үйден тікелей мәлімдеме жасап араласа бермейді.
Мелания Трамп Эпштейнмен де, оның сыбайласы Гислейн Максвеллмен де жақын қарым-қатынаста болмағанын айтты. Максвеллмен тек «жай ғана хат алмасқанын» жеткізді.
«Мен ешқашан Эпштейннің досы болған емеспін», – деді Мелания Трамп. Оның айтуынша, Нью-Йорк пен Палм-Бичтегі ортақ әлеуметтік ортада кейде бір шараларға қатар шақырылу қалыпты жағдай.
ТРАМП НЕ ЖАСЫРЫП ОТЫР?
Эпштейнге қатысты тергеу материалдарында Мелания Трамптың 2002 жылы Максвеллге жолдаған электронды хаты да бар.
Хатта ол Эпштейн туралы журналдағы мақаланы атап өтіп, «жақсы материал екен» деп жазған және Нью-Йоркке оралғанда хабарласуын сұраған.
Мелания бұл хатты «жай ғана қысқа, мәнсіз жазба» деп сипаттады.
Reuters/Ipsos сауалнамасына сәйкес, қаңтар айында респонденттердің тек 21%-ы Трамптың Эпштейн ісіне қатысты әрекетін қолдаған. Ал ақпанда жүргізілген тағы бір сауалнамада америкалықтардың төрттен үші үкімет бұл іс бойынша маңызды ақпаратты жасырып отыр деп есептейтіні анықталған.
Сонымен қатар, Эпштейннен жәбір көргендердің бір тобы Мелания Трамптың ашық тыңдау өткізу бастамасына қарсы шықты. Олардың айтуынша, олар жеткілікті түрде куәлік беріп, қылмыстар туралы ақпаратты жария еткен, енді істі соңына дейін жеткізу АҚШ Әділет министрлігінің міндеті.